Бұл білім бағдарламалары ҚР жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру бағдарламаларының реестріне енгізіліп, сараптамадан өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Болон процесі және академиялық мобильдік орталығының директоры Айдос Мұқатаев мәлім етті.

Оның айтуынша, білім беру бағдарламаларында Аризона университеті тарапынан тек қана кәсіби пәндер және ғылыми жағы ғана қамтылады. Ал тәрбие беру, тұлғаны дамыту жөніндегі мәселелер М. Қозыбаев атындағы СҚУ жүктеледі.

«Жыл сайын тәрбие жұмысының кешенді жоспары әзірленеді. Ол университет сайтында жарияланады. Онда жыл бойы сабақ үстінде, оқу процесінен тыс өткізілетін шаралардың барлығы көрсетіледі. Оқу бағдарламалары мемлекеттік стандарттарға сәйкес болғандықтан, басқа мазмұндағы дәрістер, семинарлар немесе іс-шаралар оқу бағдарламасына енгізілмейді», - деді Мұқатаев.