Тамара Дүйсенова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа бос жұмыс орындарын іздеудің де, қызметкерлерді іздеудің де бірыңғай алаңына айналады. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 108 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды, оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде 10,4 мың бос жұмыс орны бар», – деді Тамара Дүйсенова.

Министр жастарды ірі өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жобасы жұмыспен қамтуға бағытталған тағы бір маңызды шара екенін айтты. Оған бірінші болып ERG компаниялар тобы қосылды, ол Электрондық еңбек биржасында бос орындар тізімін ұсынды. Осылайша, 200-ден астам жас маман жұмысқа орналастырылды. Жақын болашақта басқа компаниялардан бос жұмыс орындары қол жетімді болады.

«Өткен айда Электрондық еңбек биржасында біз Қазақстандағы алғашқы онлайн еңбек жәрмеңкесін өткіздік. Іс-шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банктер мен сауда желілері қатысып, 1330 бос жұмыс орнын ұсынды. 3,5 мың түйіндеме келіп түсті, жұмыс берушілер қазіргі уақытта таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізуде. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты негізде өткізіледі», - деді Тамара Дүйсенова.

Тағы бір маңызды бағыт Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жас кәсіпкерлер мен стартап-жобаларды қолдау болып табылады. Биыл жастардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға 10 мың грант бөлінді. Өтінім беруден бастап грант беруге дейінгі процесс Business Enbek платформасының көмегімен толық автоматтандырылған, онда үміткерлер барлық қажетті құжаттарды электрондық форматта толтырады.

Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова еңбек нарығында ең үлкен қиындықтарға тап болған жастар жұмыс орындарын субсидиялау бойынша ЖОО мен колледж түлектеріне арналған Жастар практикасы, білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатыса алатынын атап өтті.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова Атырау облысының белсенді жастары қойған барлық сұрақтарға жауап берді.