Орталық пандемияға байланысты, 2020-жылдан бері сауда-саттықты тоқтатқан. Ал, жыл басынан көлік арқылы тек 1 мың тонна ғана жүк өткен. Жалпы, «Қорғас» ШЫХО жұмысын жандандыру бағытында инвестициялық жобаларды қолға алу көзделіп отыр. Оған қоса, «Қазпошта» АҚ аумағы 3000 шаршы метрлік халықаралық пошта алмасу орнын салмақшы. Онда коммерциялық жүкті қабылдау, сұрыптау, сақтау, тиісті орынға дейін жеткізіп беру мәселесі толықтай қарастырылған.

Облыс басшысы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында да болды. Онда бірегей құрғақ порт пен логистика және өңдеу өнеркәсібі жұмыс істеуде. Негізінен, құрғақ порттың жылдық қуаттылығы жоғары. Контейнер айналымын 540 мың ДФЭ-ге дейін жеткізуге қауқарлы. Мәселен, өткен 6 айдың ішінде 4,2 млрд теңгеден аса табыс тапқан.

Қазір арнайы экономикалық аймаққа инвестиция салуға ниет білдіргендер көп. Жобалардың жалпы құны 500 млрд. теңге болатын 28 қатысушы тіркеліп, 18 жер учаскесін алды. Арасында кәсібін ілгерілетіп жатқандар да бар. Соның бірі «Elite baby production» компаниясы. Жуырда ғана іске қосылған кәсіпорын балаларға арналған жөргектер мен гигиеналық өнімдер шығара бастады. Ал, «SSA Feed Mills» ЖШС жылына 60 мың тоннаға дейін құрамажем дайындауда. Жобаға 4,7 млрд теңге қаржы жұмсаған.

Бұдан бөлек, облыс әкіміне арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын тың жобалар да таныстырылды. Басшылықтың айтуынша, болашақта халықаралық өндірістік қала салу жоспарда бар. Онда 5000 адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, 17 млрд теңгеге атлантикалық ақсерке өсіретін зауыт ашу көзделіп отыр. Нақтырақ айтақанда, аймақтың экономикалық әлеуеті зор. Тіпті, жүк және жолаушы тасымалына арналған әуежай да қарастырылған. Бұл ретте, әкімдік жер мәселесін шешіп беруге ықпал етпек.

Теміржол арқылы жүк тасымалын «Алтынкөл» станциясы да қамтамасыз етуде.  Жыл басынан бері Қытайдан 1200-дей жүк және жолаушылар пойызы келіп, көрші елге осынша көлемде пойыз өткен. Тәулігіне орташа есеппен мұнда 900-дей контейнер қабылданады. Станциядағы жүктер Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы елдеріне және Орталық Азияға жөнелтілуде. Облыс әкімі Б. Исабаев Алтынкөл станциясымен қатар, «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің жұмысымен де танысты. Президент тапсырмасына сәйкес, онда көліктерді электронды кезекке қою жүйесі қолға алынған. Соның арқасында күніне бекет арқылы өтетін автокөлік саны 90-ға дейін өсті. Ең бастысы, осы әдіс арқылы саладағы барлық алыпсатарлық схемалар толығымен жойылды.