Аймақ  басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі өкілдерімен бірге экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік, көліктік және әлеуметтік саланы жақсарту жобаларын талқылады. Кездесуге Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас та қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қысқаша баяндап, агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.

– Біздің басты міндетіміздің бірі – өңірге инвестиция тарту. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге. Қазір қантпен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Елімізде 4 қант зауыты болса, оның 2-еуі біздің облыста. Екеуі де жақсы жаңартылған. Көксу қант зауыты қант қызылшасын да, шикі қамысты да өңдейді. Ал Ақсу қант зауытында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алакөл ауданында орналасқан үшінші қант зауытын қалпына келтіруге қызығушылық танытсаңыздар, қуанар едік. Жер жаннаты Жетісу өлкесі тұмса табиғатымен, саф ауасымен ерекше. Сондықтан мұнда  4 маусымда туризмді дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар, – деді.

Жиын барысында Азия даму банкінің Қазақстандағы директоры Нариман Манапбеков өзі өкілдік ететін қаржы институты әлеуметтік инфрақұрылымды, атап айтқанда, мектеп, аурухана, су электр стансыларын және басқа да жаңартылатын энергия нысандарын салу жобаларын қолдауға мүдделі екенін айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын одан әрі дамыту мақсатында инвестиция тарту мүмкіндіктеріне де тоқталды.

          Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Хусейн Озхан тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығындағы жобаларды несиелендіру бағдарламасына, атап айтқанда, банктерді жаңғыртуға ерекше назар аударды. Ол су шаруашылығы нысандары, көшелерді жарықтандыру жүйелері, жылу және сумен жабдықтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, цифрландыру саласында, оның ішінде цифрлық бауырлас қалаларды құруға ниетті екендерін білдірді. Қаржы институтының өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жеке жобаларды, сондай-ақ, көлік-логистикалық инфрақұрылымды, әсіресе, теміржолды қолдауға мүдделі екенін жеткізді.

          Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартон «жасыл» өндірісті, цифрлық, көліктік байланыстарды дамыту мүмкіндігі жайлы сөз қозғады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Біздің үлкен жоспарымыз бар. Сондықтан арнайы жобалар дайындап қойдық. Олармен танысқаннан кейін біз сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылай аламыз. Бұл тиімді болады деп ойлаймын», – деді.

Айта кетейік, іске асыруға дайын жобалардың қатарында ет-сүт секторы, жеміс-жидек сақтау қоймалары мен жеміс-жидек консерві зауыттарының құрылысы және жалпы ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, Алакөл жағалауында санаториялық-сауықтыру мекемелерін дамыту, Текелі қаласындағы туризм мәселесі бар.

Кездесу соңында барлық тарап жұмысты одан әрі жандандыру үшін ұсынылған жобаларды зерделеп, жақын арада мазмұнды талқылауға ораламыз деп келісті.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіковтің айтуынша, бүгінде Жетісудағы инвестициялық жобалар пулы 278 жобадан тұрады.