Қазақстандық делегация Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштері Бас әскери медициналық басқармасының ұйымдық-штаттық құрылымын, оның құрамы мен орындайтын міндеттерін зерделеді. 

Жапон тарапы арнайы медициналық оқу-жаттығуларды өткізу, төтенше жағдай кезіндегі әскери дәрігерлердің қызметі, БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларындағы тәжірибесін бөлісті.

Қазақстандық мамандарға далалық мобильді кешен мен бітімгерлік госпиталінің жабдықталуы таныстырылып, жаралыларды көшіру ережелері айтылды. Жапондық әскери дәрігерлермен бірге симуляциялық технологияларды қолдану арқылы ота жасады.

Сондай-ақ олар білім беру мекемелерінде де болып, Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштерінің медициналық мамандарын даярлау жүйесімен және оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жапония Қорғаныс министрлігіндегі кездесу соңында тараптар әскери медицина, білім мен ғылым, радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғау, бітімгершілік миссиялары саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін егжей-тегжейлі талқылап, келесі жылға арналған өзара іс-қимыл жоспарын белгіледі.