БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде осыған ерекше назар аударған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендету күтілуде екенін жеткізді.

- Алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланатын болады,-деді аймақ басшысы.

Жалпы, облыста Мемлекет Басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы шеңберінде 11 мың жаңа жұмыс орны ашылған десек, оның 3 мыңға жуығы тұрақты.

Ал, 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83 мың жұмыс орны ашылатын болады, оның 28,3 мыңы тұрақты, 55 мыңы уақытша. Бұл өз кезегінде жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік бермек.

- Жалпы, облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары қолдағы бар мүмкіндіктерге сәйкес терең, егжей-тегжейлі зерделене отырып, әзірленді.

Мемлекет қолдауының арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз деп сенеміз. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңір экономикасын дамытуға мүмкіндік береді,-деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.