Ведомство жұмысының басым бағыттары туралы хабардар ете отырып, А.Ғиният жаңа медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салуды, ФАП-тарды кеңейтуді көздейтін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба туралы айтып берді. Бұл әсіресе медициналық қызмет көрсетілмеген шалғай елді мекендерге қатысты.

Сондай-ақ, бұл жоба ауыл тұрғындары үшін кәсіби тексерулерді кеңейтуді, медицина кадрларын даярлауды көздейді.

Ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандық және ауданаралық ауруханалардың мәртебесі арттырылатынын министр хабарлады.

Аудандық ауруханалар базасында инсульт орталықтары, аз инвазивті хирургия, травматология, медициналық оңалту бөлімшелері ашылады.

Сонымен қатар, А.Ғиният дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасы туралы хабардар етті, ол қазір Парламентте қаралуда.

"Аталған заң жобасы денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу механизмі арқылы пациенттің мүддесін қорғауға бағытталған, сондай - ақ бұл нормалар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етіп, дәрігерлердің мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді", - деді А.Ғиният.

Облыс басшысы аталған бастамалар бойынша қолдау білдіріп, денсаулық сақтаудың жаңа нысандарын салу, медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыз ету, пайдалануға берілетін нысандарды заманауи жабдықтармен жабдықтау жоспарларымен бөлісті.