Бұл мәселе туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтып берді. Ол үшін не қажет?

«Біз бірінші кезекте зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуіміз керек, екінші жағынан, демпинг болмас үшін кепілдендірілген сатуды қамтамасыз етуіміз қажет. Біз Еуразиялық экономикалық одақ алаңында да, өзімізде де қарастырып жатырмыз, біздің зауыттарымызға басқа елдер тарапынан демпинг болады деп қорықпай, ішкі нарыққа кепілдендірілген өнімнің қажетті көлемін шығаруға мүмкіндік беретін бақылау бағаларының ең төменгі деңгейінің құралдарын енгізу үшін тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл күрделі, даулы тетік, бірақ осы бағыттағы екіжақты және көпжақты алаңдарда жұмыс істейтін боламыз. Осы кезеңде қант зауыттарының аяққа тұруын және фермерлердің тиісті сұранысын қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің нақты пайымы бар: субсидиялардың жалпы көлемі шамамен 160 млрд теңге. Бұл фермерлердің жұмысына және зауыттар үшін кепілдендірілген сатуды қамтамасыз етуге әкеледі. Салаға шамамен 400 млрд теңге инвестиция салынады деп күтілуде. Жалпы, біздің бірінші кезеңдегі міндетіміз 2026 жылға қарай отандық қант өндірісін отандық шикізаттан 7 есеге дейін жеткізу», - деп атап өтті вице-премьер.

Сұлтанов өңірлер арасында жеткізу және үлестіру бойынша іркілістер бар екенін айтты. Сондықтан, осы процестерді қолмен реттеу үшін жергілікті атқарушы органдармен аптасына 2 рет тиісті бейнеконференциялар өтеді.