Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 150 университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны.

Бір жыл ішінде білім ордасы QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді.

Университеттің білім беру бағдарламаларының 25 пайызы QS by Subject пәндік рейтингінде Топ-500 деңгейінде ұсынылған.

Университет құрылымында 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта білім алушылардың контингенті шамамен 26 мыңды құрайды. Жыл сайын шетелдік студенттер саны артып келеді – әлемнің 30 елінен 2,5 мыңнан астам шетелдік бакалавриатта, магистратурада және докторантурада оқиды.

Оқытушы-профессорлар құрамының саны 2000-нан асады. Университет профессорларының арасында 10 академик, 7 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар.

Білім ордасын дамытудың негізгі векторы – интернационалдандыру. Университет 500-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатқан.

Ағымдағы оқу жылы әлемнің 30 елінен 100-ден астам шетелдік профессорлар мен ғалымдар университетте сабақ берді. Сондай-ақ білім ордасының 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа шетелдердің университеттерінде дәріс оқыды.

Университеттің 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегерлері атанды. Қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі АҚШ, Еуропа, сондай-ақ Жапония мен Түркия университеттерінде тағылымдамадан өтуде.

Биыл мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында Ыстамбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды.

Қазіргі таңда университет елдік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдағы даму бағыты – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде алға жылжу.