Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, өткен жылы сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету (жоспар бойынша 18,2 млн адам қамтамасыз етілген), қалалардағы сарқынды суларды тазарту деңгейі (жоспар бойынша 74,9% болғанмен, орындалу — 75,7%), жылу мен суды есептеу үшін жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі (73%), сумен жабдықтау және 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру (іс жүзінде 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді) бойынша жоспарлы көрсеткіштер толық орындалды. Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың нормативтік жай-күйіндегі үлесі сәйкесінше 90% және 80 пайызды құрады.

Бұдан басқа, пайдалану мерзімі 25 жылдан асатын жолаушылар вагондарының үлесі 40,9 пайызға дейін, ал техникалық флоттың тозуы 68%-ға дейін төмендеді.

Сонымен қатар 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3 көрсеткішке қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, тұрғын үй алаңдарының ұлғаюына байланысты пайдалануға берілетін үйлер мен пәтерлердің жоспарлы көрсеткіштері төмендеді. ҚХР тарапынан қатаң санитарлық шектеулердің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзит көлемін арттыру бойынша жоспар орындалмаған (жоспар бойынша 25,3 млн тонна, орындалу деңгейі 23,8 млн тонна). Бұл жағдай Транскаспий бағытындағы контейнер ағынын ұлғайту көрсеткішіне де әсер етті.

Биылғы жоспарларға қатысты Қ.Өскенбаев жолдардың нормативтік жай-күйіндегі сапа көрсеткіші жыл соңына дейін республикалық желі бойынша 91%-ға, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізілетінін айтты.

Ішкі көлік желісін дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Шымкент және Қостанай қалаларындағы әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жүргізіледі. Сонымен бірге Алматы әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталады. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткізу қабілеті 2 есеге, яғни жылына 14 млн жолаушыға дейін артады.

Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне 18,6 млн адам қол жеткізе алады. Мәселен, қалалардағы сарқынды суларды тазарту деңгейі 77,5%-ға дейін жеткізілсе, үйлерді жылу және су есептеу құралдарымен қамтамасыз етуді 76%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 15,1 млн шаршы метр (137,7 мың тұрғын үй) деңгейінде күтілуде.