Розаның азан шақырып қойған аты – Үрбибі (бұл есімді немересіне сыйлаған екен). Розаның әжесі де, шешесі де әнші болған.
Ғұмырының 70 жылдан астам уақытын киелі сахнаға, қасиетті ән өнеріне арнаған қазақ қызы Кеңес Одағы халықтарының тілінде, сонымен бірге чех, швед, венгр, қытай, моңғол, корей, үнді... 25 тілде ән шырқаған, әлемнің 54 елінде болып, бірнеше мемлекеттің «Халық әртісі» атағына ие болған. Шетелдіктер Розаны қызғалдаққа теңеген.
Роза Тәжібайқызының орындауындағы «Домбыра», «Сәулем-ай», «Кел, біздің ауылға», «Әлі есімде», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Ақтамақ», «Асыл арман», «Аялап тербеткен», «Әдемі-ау», «Іңкәрім», «Ах, Самара городок», «Танцуй, танцуй», т.б. әндерін халық сүйіп тыңдайды.
Роза Тәжібайқызы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, майданның алғы шебінде, оқ пен оттың ортасында тұрып ән салып, жауынгерлердің рухын көтеріп, жеңіске жігерлендірген. Берлинде, Жеңіс күніне арналған концертке қатысқан. Ташкент филармониясында мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болған. 1946 жылы өткен эстрада әншілерінің Бүкілодақтық байқауының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен екінші халықаралық фестивальдың лауреаты атанды. 1960 жылдан «Қазақконцертте» әншілік қызмет атқарған.
Ақын Бәкір Тәжібайдың Роза Тәжібайқызының өнері туралы жазған кітабы «Қазақстан» баспасынан 1969 жылы шықты.
Ал өмірбаяндық кітабын Роза Тәжібайқызы өзі жазған. Роза Тәжібайқызы жайлы кітаптар, поэмалар жазылды, фильмдер түсірілді. Есімі «Кімнің кім екені» (Кто есть кто) ағылшын-америкалық энциклопедиясының «Әлем әйелдері» жайлы алғашқы санына енді.
Соғыс жылдарында ән өнеріндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, кейін «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы», «Шапағат медалімен» марапатталған, «Тарлан» сыйлығының иегері.
Роза Тәжібайқызы Кеңес Одағы кезінде «Ленин орденімен», еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағымен бірге «Алтын Жұлдыз» тақты кеудесіне. Ол «Халық қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. 1989 жылы «Первая роза», 2006 жылы «Ах, Самара городок» атты деректі фильмдер түсірілді. «Роза Бағланова» атындағы қоғамдық қор бар.
1996 жылы «Алтын сақа» қайырымдылық қорын ашты, жетім балаларға, мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсетті. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік өнер ұйымы бар.
Қазақ ұлтының мақтанышы, ұлттық өнеріміздің асыл тәжі, ұрпақ мерейі, ата-бабамыздың қасиетті мұрасын қастерлеп, дәріптеп, дүние жүзіне паш етіп, насихаттап, ұрпағына аманат етіп тапсырған Роза Тәжібайқызын біздің өнерлі Ақтоғай елі де еске алып, халықты Роза айтқан әндермен сусындатып, ән кешін ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бір суреттің тарихы
Менің 1929 жылғы үлкен ағам Қайриден Хамзаұлы 1950-1953 жылдары Қиыр Шығыста жалпыға бірдей әскери міндетін өтеп келген екен. Кейін естігенім – әскери бөлімде Роза Бағланованың концерті болыпты. Концерт аяқталғаннан кейін әнші өзінің кішкене суретін естелік ретінде солдаттарға таратса керек. Сол суретті ағам өзімен бірге үйге ала келіпті. Кішкене ғана 9,7х7,2 см суреттің сол жақ шетінде: «Дипломат Всесоюзного конкурса мастеров эстрады Роза Багланова» деп жазылыпты. Бұл атақты алған жыл – әншінің өмірдерегіне жүгінсек – 1946 жыл, Ташкент филармониясында әнші болған кезең. Ал оң жақ шетінде – фото Искандера депті. Суреттің сыртында «Тираж 9 тыс. Цена 76 коп. Алма-Ата, 1948 год» деген төрт бұрышты мөр басылған.
Міне, бұл суреттің түсірілгеніне биыл 74 жыл. Ал мен болсам 73 мүшел жаста жүрмін. Ағам өмірден ерте озған еді. Маған сыйлап кеткен естелігі ғой деп, әлі күнге дейін сақтап келемін.
Сол кездегі қағаздың сапасына таңғаламын. Шетіне желім жағып, сурет дәптерге бекітілген жері ғана біраз сарғайыпты, ал сурет жарқырап тұр. Бұл сурет – «Халық перзенті Роза Бағланова» кітап-альбомында жарық көрген екен.
Балалық шақтың естелігі
Соғыстан кейінгі кезеңде «теледидар» деген сөзді естімедік те. Ал радио бір ауылда біреу – біздің үйде ғана болды. Әкем Қашырдың базарына барып жүріп қолға түсіріпті, бір малға айырбастап алса керек, үлкен, шамамен 60х30см болар, беті сары жылтыр материалмен қапталған болатын. Әкем оны жоғары, бұрышқа, тақтай сөреге орнатып берді. Содан жақсы болды, ауылдың бүкіл баласы қызықтап, таңертеңнен кешке дейін радио тыңдаймыз. Біз ес білгенде тыңдайтынымыз үш әнші ғана болды – Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова және Роза Бағланова ән айтатын.
Менен үш жас кіші інім Жасұлан, үйдің кенжесі, «Жаңа Аттаныс» ауылының еркесі, өте қияңқы болды. Радиодан шырқап жатқан Розаның әні ұнаса керек, менен сұрайды: «Кім ән айтып жатыр?» деп. Мен: «Роза Бағланова», деймін. «Мен онда оны көруім керек!» дейді. «Қалай көресің?» деймін, ол үндемейді.
Бір күні үйде кісі жоқта, ебін тауып: «Ішіндегі өлең айтып жатқандарды көрем» деп, қайшымен радионың бетіндегі шүберекті қиып алып тастапты. Содан кейін радио сөйлемей қалды, сымдары қиылып қалды ма, білмеймін. Балалар: «Розаны көрдің бе?» деп інімді мазақтайтын.
Кішкене сәбидің жүрегін жаулаған ән құдіретін, әншінің кереметін айтсаңшы!
Жақсы ән – жан азығы
Мен де Роза Бағланованың орындаған әндерін тыңдап өстім. Розаны мен «нағыз күміс көмей әнші» дер едім. Өйткені аузын ашса болды сыңғырлаған таза ән өзінен-өзі төгіліп тұратын. Әннің сөзін жазған ақынның, әнді шығарған композитордың мерейін үстем етіп, әлемге паш ететін қасиетті, киелі дауысты әнші ғой!
Біздің данышпан халқымыз: «Ән – көңілдің ажары» десе, ұлы Абай атамыз: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй, Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй!» демеп пе еді?!
Өйткені жақсы ән – жалғыздықтан, әділетсіздіктен, ауру-сырқаудан қайғырып жапа шеккен адамның жан дүниесін тазартады, керемет бір күш-қуат беріп, рухтандырады, көңіл күйін жайландырады.
Мен осындай кездерде үнтаспаға жазып алған Роза Бағланованың орындаған әндерін тыңдап, бір жасап қаламын. Өйткені «Әсем ән мен тәтті күй» адамның жан жарасын жазады.
Біздің оқушы кезімізде сол кездегі астанамыз Алматыдан М.Әуезов атындағы драма театрының әртістері мен «Қазақконцерт» әншілері жиі келіп, ауыл еңбеккерлерінің алдында өнер көрсететін.
1966 жылы Роза Бағланова Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткенов ауылына келіп, дәл қазіргі Мәдениет үйінде концерт берді. Мен сол жылы 8-сыныпта оқитын едім. Осыдан кейін де Роза Тәжібайқызы біздің ауданға бірнеше рет келіп, өнер көрсетті.
Алматыда оқығанда Роза Бағланованың концертіне жиі баратынмын.
2002 жылы Роза Тәжібайқызы халықтың сұрауы бойынша Ертіс ауданына келіп концертін берді. Фотоаппаратымды алып мен де бардым. Сол кезде «Ертіс нұры» газетінде қызмет істеген едім. Роза Тәжібайқызы ән айтып жүріп сахнадан түсіп, қол алысып, көрерменмен қауышты. Осы қайталанбас сәттерді қалт жібермей, халықтың өтініші бойынша суретке түсіріп тұрдым. Концерт аяқталғаннан кейін зиялы қауым өкілдері өтініш білдіріп, Роза Тәжібайқызымен ескерткіш-суретке түсті. Бұл сурет ақын-жазушы Мүбәрәк Жаманбалиновтің «Әйгілі аудан – Ертісім» кітабына басылып шықты. Бұл – әншінің біздің аймаққа келген соңғы сапары еді...
Бақытжамал ХАМЗАҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауылы
https://egemen.kz/article/319728-alemdi-anmen-terbetken