ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, интернет-алаяқтыққа қарсы бірлескен жұмысты талқылау үшін министрліте арнайы отырыс өтті.

«Жиынға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ байланыс операторларының басшылары мен жауапты мамандары кездесуге онлайн режимде қосылды. Кеңесте соңғы алты жылда интернет-алаяқтық фактілерінің саны айтарлықтай артқаны атап өтілді», - деді Ш. Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингісінде.

Егер 2016 жылы осындай мың қылмыс тіркелсе, 2021 жылы алаяқтық саны 21 мыңға дейін өскен. Жыл басынан бері 11 763 оқиға тіркеліп, алаяқтардың кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілді. 571 қылмыскер, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

«Бұған дейін министрліктің бастамасы бойынша онлайн-қарыз алу кезінде клиенттерді сәйкестендірудің банктік рәсімдері қатаңдатылды. Қазіргі кезде алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша сервистерді, телефондарға қашықтан қол жеткізу үшін арнайы қосымшаларды пайдаланады. Сондай-ақ олардың арасында шетелден әрекет ететіндер де бар. Жалпы, ауыстыру нөмірлерін бұғаттау жүйесі телефондық алаяқтық фактілерін азайтуы керек. Бүгінде оны қазақстандық байланыс операторлары белсенді түрде интеграциялап жатыр», - деді Ш. Тұрлыбек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бір апта ішінде елімізде 3 397 қылмыс тіркелді. Оның 1 986-ы тәулік ішінде ашылды.