«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы айта келе, А. Аймағамбетов атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, балабақша, мектеп, колледж және қосымша білім деңгейлері бойынша 12 көрсеткіш және 20 іс-шара орындау қарастырылған. Былтырғы жыл бойынша іс-шаралар толығымен 100% орындалды. 

«10 көрсеткіштің 9-ына 100% қол жеткізілді. Биылғы жылдың 6 айы бойынша да жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», — деді оқу-ағарту министрі.

2021 жылы Қазақстанда 534 балабақша ашылды, 47 мың орын іске қосылды. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жаста – 99%-ды құрады.

«Алайда 6 облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысындағы балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, Алматы қаласында 5 мың орын ашылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал соларға ұқсас адам көп шоғырланған өңірлер Түркістан және Қызылорда облыстарында тек 1 мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыстарда жоспардан тыс қосымша орындар ашу мен жоспарды асыра орындаудың арқасында, мысалы Шымкент қаласында - 170%, Жамбыл облысында - 120%, республикалық көрсеткішке толығымен қол жеткізілді», — деді А. Аймағамбетов.

Биыл жыл соңына дейін 34 мың балаға арналған 322 балабақша ашу жоспарлануда. Алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша 12,9 мың орындық 140 балабақша ашылды.

Қамтумен қатар балабақшалардың бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ерекше маңызды бағыт. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі және жаңа мемлекеттік стандарт бекітілді.

«Балабақшада өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын балалар тәрбиеленеді. Оларды дамыту отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқылы жүргізіледі. Балабақшалардың тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыс ұйымдастырылуда», — деді ол.

Қосымша біліммен қамту мәселесі білім саласы үшін маңызды. Былтыр қамту жоспар бойынша 69,4%-ға жеткізілді, биыл оны 75%-дан асыру қажет. Бүгінгі таңда 1,5 мың қосымша білім беру ұйымында 63 мың үйірме, спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Қосымша білім беруге қолжетімділікті арттыру мақсатында алдыңғы жылдан бастап алғаш рет мемлекеттік тапсырысты орналастыру басталды. Бұл өте тиімді механизм.

Орта білімге тоқтала келе, оқу-ағарту министрі басты мәселе білім сапасын арттыру екенін атап өтті. Өңірлер арасындағы, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді.

«Сапаны бағалау бойыншы біз сыртқы және ішкі бақылау механизмдерін кеңінен қолданамыз. Осы тұрғыда біз үшін халықаралық PISA зерттеуі маңызды болып табылады. Біз осы Ұлттық жоба бойынша «Мектептерге арналған PISA» халықаралық арнайы зерттеуін өткізуді қолға алдық. Халықаралық сарапшылардың болжауына сәйкес пандемияға байланысты PISA зерттеуі бойынша еліміздің көрсеткіштері 30-40 балға төмендеу тәуекелдері бар екені айтылған болатын.

Дегенмен, 2021 жылы өткен «Мектептерге арналған PISA» нәтижелері оқушылардың білім сапасының оқу сауаттылығы бойынша 30 балға, математикалық сауаттылық - 24 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 11 балға өскенін көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш», — деді Оқу-ағарту министрлігінің басшысы. 

Ал қалалық және ауылдық оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 22 балға, орыс және қазақ тілінде оқытатын оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 21 балға қысқарды.

Сонымен қатар А. Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік және қолайлы жағдай жасау мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайту үшін 2021 жылы 8 ПМПК және 6 түзету кабинеті, осы жылы тағы 3 ПМПК мен 4 түзету кабинеті ашылды. Нәтижесінде 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды.

«Биылдан бастап ерекше балаларды қолдай үшін біз алғаш рет мемлекеттік тапсырыс орналастыратын болдық. Бұл шешім ерекше балалар үшін инклюзивті білімді дамытуға, кезектілікті азайтуға және мұқтаж балаларға тең білім беру қызметтерін алуға мүмкіндік берді», — деді ол. 

2021 жылы шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1015 мектеп жаңғыртылды. Яғни жоспар орындалды. Атап айтқанда, 806 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 597 мектепке мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынды. 684 мектепте жиһаз жаңартылды. 48 мектептің асханалары жаңғыртылды. Биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасады.

«2022 жылы 1003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылатын болады. Әр өңір бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Осы көрсеткішті орындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі қажет», — деді Асхат Аймағмбетов.

Оқу-ағарту министрі соңғы кезде ескірген, дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеген мектептердің апаттық қауіпті жағдай тудыру фактілері тіркеліп жатқанын атап өтті. Айтылған оқиғалар сабақтан тыс уақытта орын алғандықтан ғана оқушылардың өміріне қауіп төнген жоқ. Осы орайда барлық әкімдіктер салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуі тиіс.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, білім сапасын арттыруда мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. 2021 жылы жоспар бойынша 949 мектепке 1825 пән кабинеті сатып алынды.

Биыл физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттермен мектептердің 70%-ы қамтылатын болады. Атырау, Ұлытау, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тиісті қаражатты бөлу бюджеттік комиссиямен қолдау таппаған, бұл көрсеткішті уақытылы орындамау тәуекелін тудырады.

Мектептерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 163 мың оқушыға арналған 277 мектеп ашылды. Сонымен қатар 10 өңір 42 жаңа мектеп пен 21 514 оқушығ орнын іске қосу бойынша жоспарды толық орындамады. Қазіргі уақытта үш ауысымды және апатты мектептер санының өсуі байқалады, осыған байланысты көрсеткіш қауіпті болып саналады. 

1000 мектепті пайдалануға беру аясында 2022 жылы 214 мың оқушыға арналған 225 мектеп салу жоспарланған, оның ішінде қазіргі уақытта 22 мың оқушыға арналған 49 мектеп пайдалануға берілді. Осы тәуекелдерді болдырмау үшін әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеуі тиіс.  

Мемлекет басшысының тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту туралы тапсырмасын іске асыру аясында мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен 45 мың орынға ұлғайтылып, биыл рекордтық 128 мың орынды құрап отыр.

«Бірінші кезекте техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9-сынып түлектерін колледждерде тегін қамту жоспарлануда. Бірақ NEET жастар саны көп өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттардың азайғаны байқалады», — деді А. Аймағамбетов.

Президенттің тапсырмасына сәйкес өңір әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізу қолға алынды. Мемлекет тегін маман дайындап береді, ал кәсіпорындар жұмысқа орналастыру міндеттемесін алады. Алғаш рет 10 мың арнайы грант бөлінді.

Кадрлардың сапасын арттыру үшін колледждерге академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленіп, оқу мерзімдері өзгертілді. Мемлекеттік колледждердің 100%-ы кәсіпорындардың қамқорлығына алынды. Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Мамандық таңдауда оқуға түсушілерге кәсіби диагностика енгізілді, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.

«Студенттер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары алынып тасталды. Талапкер бірден 1-3 біліктілікті меңгеруге мүмкіндік алады. Мемлекеттің қолдауымен «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледж заманауи зертханалармен жабдықталды, олардың оқу бағдарламалары да жаңартылып, сапалы кадр даярлауға жаңа серпін берілді», — деді оқу-ағарту министрі А. Аймағамбетов.