Алғашқы болып сөз алған энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, зерделеулер кезінде орталық және автономды қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың дайындығы, техникалық жай-күйлері, негізгі және резервтік отын қорларымен қамту мәселелері бойынша бірқатар кемшіліктер анықталған. Бүгінде оларды реттеу үшін тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде.

Басқарма басшысы штабтың жұмыс тобымен қыркүйек айынан бастап аталған жұмыстардың орындалуы зерделенетіндігін жеткізді.

Облыс әкімі қазандықтарды дайындыққа келтіру жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс екендігін ескертті. Сондай-ақ, тұрғындар көмір тапшылығы және баға өсімі қалыптаспай тұрған кезде отын қорын қалыптастырып алуының маңыздылығын, Жаңатастағы орталық қазандыққа мазут жеткізуде мәселе болмауын, бұған дейінгі қателіктерден сабақ алу керектігін баса айтты.

Аймақ басшысы Тараз қаласындағы жылу беру кәсіпорындары мен жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарының сапалы, мерзімінде аяқталуын, денсаулық сақтау, білім беру салалаларындағы нысандардың және көпқабатты үйлердің тиісті мерзімде толығымен дайын болуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыстық филиалы директорынының міндетін атқарушы Ғайни Аймағамбетова медициналық сақтандыру мәселесі туралы хабарлады.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне Жамбыл облысы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны 915200 адамды құраған. Сақтандырылмаған халық саны 235 372 адам (20,4%).

Аударымдар мен төлемдердің тұрақсыздығына байланысты 42 070 адам жүйеден шығарылмақ.

- Соңғы 12 айда 171,3 мың адамнан медициналық сақтандыру жарналары түспеген. Сондай-ақ, 42,1 мың адамның тұрақты жарна төлемеуінен мәліметтері көрінбей қалуда.

Олардың қай елді мекеннен және кім екенін анықтау мүмкіндігі болса, аудан әкімдерімен әр  азаматтармен жұмыс жүргізуді жолға қою керек. Қарызы бар жарна құюшылар бойынша қандай шаралар қабылдау қажет.

Сақтандарылмаған тұрғындардың санын азайту үшін жан-жақты жұмыстарды ұйымдастыру маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі медициналық көмектің сапасыздығы мен ақ халаттылардың мәдениеттілігіне қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетініне назар аудартып, денсаулық сақтау басқармасына нақты міндеттер жүктеді.

Жиын қорытындысымен медициналық сақтандырылмаған азаматтардың санатын анықтап, оларға жарна төлеу қажеттілігін түсіндіру, денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық көмек пен дәрігерлердің қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіп, нәтижесі бойынша шара қабылдау тапсырылды.