2022 жылы 17 тамызда «Көктем» ШҚ, «Өтемісова Галина Нұрахметқызы» ШҚ және «Майбасов З.М.» ШҚ фермерлері жаңа «Кировец» К-735 тракторларын және ESSIL КЗС-750 комбайнын алды. Жаңа техниканың кілттері шаруа қожалықтары өтінім берген сәттен бастап он күн ішінде берілді.   

«Бұл өте жақсы бағдарлама, шарттары ыңғайлы, бастапқы төлемсіз беру фермерлер үшін үлкен көмек. Осы бағдарламаның арқасында өзін жақсы жағынан көрсеткен «Кировец» жаңа тракторын сатып алу мүмкіндігіне ие болдық», - деді «Майбасов З.М» ШҚ-ның өкілі.

 Еске сала кетейік, Қазақстанда жасалған ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасына өтінім қабылдау 2022 жылы 5 тамызда басталды. Бағдарламаны іске асыру үшін шамамен 1000 бірлік трактор, комбайн және т.б. техниканы сатып алуға 40 млрд. теңге бөлінді.

Бағдарламаның шарттары:

  1. лизинг мерзімі -10 жылға дейін;
  2. сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 6%-бен;
  3. лизинг бойынша бастапқы жарна - 0%;
  4. негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең - 1 жыл.

Бастапқы жарна төлеу және кепіл қою қажеттілігінің болмауы шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарына егін жинау жұмыстарын бастау үшін техника паркін жеңілдікті шарттармен жаңартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да скоринг жүйесін енгізудің арқасында өтінімдер қысқа мерзімде қаралады және бүгінде бұл жұмыс 5 күннен аспайды.

Бағдарламаның тиімді шарттары отандық техникаға үлкен сұраныс тудырды. Бүгінгі таңда 15,4 млрд. сомасына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 202 өтінім келіп түсті.