Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетовпен бірге ұшқыш-ғарышкер авиациялық базаның ұшу құрамымен және мерзімді қызмет сарбаздарымен кездесті. Тоқтар Әубәкіровке Су-30СМ ұшағының жаттықтыру кешені көрсетіліп, онда ұшу құрамын дайындау кезеңдерінің бірі жүзеге асырылады.

Халық қаһарманы авиациялық базаның ұшқыштарымен жойғыштардағы ұшу тәжірибесін бөлісті, ғарышкерлерді даярлау жөнінде әңгімелеп берді. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын таяуда бітірген түлектеріне, жас лейтенанттарға нұсқау берді. Әскери-әуе күштері офицерлерінің жас буыны үшін бұл еңбек сіңірген сынақшы ұшқышы мен ғарышкерден шеберлік сабағы болды. Олар батырдың өмірбаянымен және кәсіби қызметімен өз аузынан естуге мүмкіндік алды.

– 1969 жылы мен Армавир жоғары әскери Қызыл Ту авиациялық ӘШҚҚ ұшқыштар училищесін «ұшқыш-инженер» біліктілігімен бітірдім. Қызмет барысында 50-ден астам ұшақпен ұшып үйрендім. 1988 жылы маған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Авиа тасымалдаушының қонудағы қиындықтары өз алдына. Техника мен аэродинамиканың қыр-сырын меңгеруге тиіссің, қанша жерден таланттың болса да ол көмектеспейді. Күнделікті тынымсыз еңбек пен білімге деген құштарлық – нағыз жетістікке жетудің жолы! – деді Тоқтар Әубәкіров.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қонақтың мазмұнды және қызықты әңгімелерін ерекше қызығып тыңдады. Қатардағы жауынгер Жанарбек Аңсар аты аңызға айналған ұшқыш-ғарышкердің сөздері оған салмақты ой салғанын айтты. Мерзімді қызмет аяқталғаннан кейін ол Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына түсіп, бірнеше жылдан кейін соң сол бөлімге лейтенант болып оралып, жойғышта ұшу үшін келісімшарт бойынша қызмет етуді жоспарлап отыр.

– Біз – әскери қызметшілер елдің қорғанысы, оның тұтастығы мен егемендігі біздің конституциялық парызымызды адал орындауымызға байланысты екенін ұғуға тиіспіз. Алға «батыр боламын» деп емес, «үйренемін» деген мақсат қою керек. Күнде өзіңнің істеген ісіңе есеп беруге тиіссің.  Жетістікке жету жолы әскери ғылымды үйренуге, білуге байланысты екенін түсіну қажет, – деді атақты қонақ жауынгерлерге.