Мұндай жиындар жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Биыл бұл жиынға запастағы және Әуе қорғанысы күштері қатарында бұрын әскери қызмет өткерген 300-ден астам азамат тартылмақ. Жиынға қатысушылар ішінде офицерлер де, сержанттар мен қатардағы жауынгерлер де бар. 

Арнайы, кәсіби, атыс даярлығынан өтетін сабақтар бір айға созылады. Әскери міндеттілер әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағы мен техникасының, байланыс құралдарының қазіргі заманғы түрлерін зерделейтін болады, сондай-ақ цифрлық радиолокациялық станцияларды және қазіргі заманғы зениттік зымыран кешендерін қайта оқытудан өтеді.  

– Жиынның мақсаты – әскерлердің өз мақсаты бойынша тапсырмаларды орындауға дайындық деңгейін, Қарулы күштердің жұмылдыру әзірлігін арттыру. Резервтегілер әскери бөлімдерде білімдерін жетілдіреді, – деп атап өтті әскери бөлім командирі полковник Александр Бородулин.  

Әскери бөлімге дейінгі жол жүру және одан кері қайту уақыты қоса есептеліп, жиындар кезеңіне шақырылған азаматтардың республикалық бюджет есебінен орташа айлық жалақысы төлене отырып, жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады. Одан бөлек, әскери міндеттілер барлық қаржы үлесінің түрлерімен қамтамасыз етіледі. Жиын аяқталғаннан кейін запастағы әскери қызметшілер біліктілікті растау үшін емтихандар мен сынақтар тапсырады.  

Алматы қаласында, Қарағанды және Жетісу облыстарында тамыз айынан бастап өтіп жатқан жиын қазан айына дейін жалғасады.