Жиында ИИДМ мен «ҚТК» АҚ өкілдері аталған заңнамадағы бірқатар түзетулерді көпшілік назарына ұсынды. Бұл өзгерістер құрылыс салушылар үшін үлестік қатысудың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

ҚР ИИДМ Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры Руслан Лепесовтің айтуынша, бүгінде көптеген құрылыс салушы компаниялар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды өрескел бұзып, құрылыс жүргізу барысында халықтың қаражатын пайдалануды әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде құрылыс нысандарының уақтылы аяқталмауына және мердігер компаниялардың көпшілік алдындағы міндеттемелерін дер кезінде орындамауына әкеп соғуы мүмкін.

Ал «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов тұрғын үй құрылысы нарығын демонополизациялау және аталған нарыққа қатысушылар үшін түрлі тосқауылдарды азайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар турасында айтты.

Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу кезінде «Бірыңғай оператордың кепілдемесін алған («ҚТК»)» құрылыс компанияларына талап етілетін құжаттар тізімін азайту ұсынылып отыр. Сонымен қатар олардың мегаполистер мен өзге аймақтарда салған құрылыс нысандарының аумағы мен осы саладағы тәжірибесі бойынша шекті талаптар азайту көзделген.

Мәселен, «Екінші деңгейлі банк жобасына қатысу тәсілімен» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу ұйымдастырылған жағдайда немесе көппәтерлі үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескер ақшасын тартуға қатысты жергілікті атқарушы органның рұқсат беру процесін енгізу қарастырылып отыр.

Ал «Көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілімен» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру кезінде мердігер компаниялардың саладағы жиынтық тәжірибесін 5 жылдан 3 жылға дейін төмендету, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салған көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы аумағын 60 мың шаршы метрден 30 мың шаршы метрге, ал аймақтар үшін 30 мың шаршы метрден 18 мың шаршы метрге дейін азайту ұсынылған.  

Айтылған ұсыныстар бизнес қауымдастық тарапынан қолдау тапты.

Сондай-ақ жиында үлескерлік құрылыс саласындағы өзге де мәселелерге назар аударылды.

Басқосу соңында қарастырылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша шешім қабылданып, тараптар жуырда осыған орай арнайы талқылау өткізуге уағдаласты.