Іс-шаралар Мемлекет басшысының Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру және ведомствоаралық іс-қимылды үйлестіру туралы тапсырмасын ескере отырып ұйымдастырылып отыр.

Әскери басқару органдары, Қарулы күштер түрлерінің құрамалары мен бөлімдері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арасындағы өзара іс-қимыл, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың күштерін (құралдарын) тарту мәселелерін пысықтауға ерекше назар аударылатын болады.

Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде жоспарлау міндеттерін орындауда әскери басқару органдарының үйлесімділігі тексеріледі. Жедел ден қою күштері бөлімшелері, сондай-ақ жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері оқу-жаттығу полигондарына түрлі тәсілмен (өз бетімен марш жасау, автомобиль тартқыштарымен, темір жол көлігімен тасымалдау) жеткізіледі.

Оқу-жаттығу шеңберінде алғаш рет таулы-шөлді жерде және түнгі уақытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тау сақшыларының бөлімшелері 400 шақырымды аттармен жүріп өтеді.

Әскерлердің тұрақты орналасқан пункттерінің жанындағы оқу-жаттығуларға тартылатын жауынгерлік бөлімшелердің негізгі құрамымен жауынгерлік үйлестіру, оның ішінде жауынгерлік атыс шаралары жүргізіледі.