Кеңесті құру туралы шешім 2022 жылдың мамырында ҚСЗИ мен Әзербайжан Республикасының Халықаралық қатынастарды талдау орталығы арасында қол қойылған меморандум аясында қабылданды.

Іс-шараға сарапшылар, депутаттар, екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, соның ішінде Әзербайжанның Халықаралық қатынастарды талдау орталығының Басқарма Төрағасы Фарид Шафиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлис депутаты Эльшад Мирбашир оглы, ТАЛАП Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахим Ошақбаев, Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры Фархад Мамедов және т.б қатысады.

Өз сөзінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов қатысушыларды Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтай отырып, бүгінгі іс-шараның Қазақстан Республикасы Президентінің Әзербайжанға ресми сапары қарсаңында өтіп отырғанына тоқталды.

Әзербайжанның Қазақстан үшін маңызды одақтас, түркі әлеміндегі негізгі мемлекеттерінің бірі, стратегиялық маңызды Оңтүстік Кавказ аймағындағы серіктес екені атап өтілді. Әзербайжан арқылы Түркияға, одан әрі Еуропалық Одақ пен Таяу Шығысқа тікелей шыға алатынымыз белгілі.

Өз кезегінде Қазақстан арқылы Шығыс – Батыс бағыттары бойынша жүктерді жеткізу қашықтығы мен уақытын айтарлықтай қысқартатын негізгі көлік бағыттары өтеді. Бұл Әзербайжан үшін де геостратегиялық қызығушылық тудырады.

Бүгінде Қазақстанда әзербайжандық капиталдың қатысуымен 500-ден астам компания тіркелген. Ал Әзербайжанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 145-ке жуық компания жұмыс істейді. 2021 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 332,2 мил. АҚШ долларын құрады.

 Сондай-ақ ҚСЗИ директоры екі ел арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, туризм, паром және әуе қатынасы салаларында байланыс белсенді дамып келе жатқанына да тоқталды. Көптеген салалардың одан әрі даму әлеуеті бар және қазіргі жағдайда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды перспективаларын кейінге қалдыруға болмайды.

Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының басқарма төрағасы Фарид Шафиев 30 жыл ішінде Нұр-Сұлтан мен Баку екіжақты қарым-қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін нығайта алғанын атап өтті.

Ашық пікірталас барысында іс-шараға қатысушылар ағымдағы халықаралық жағдайды да талқылады. Белсендірек қатысуды қажет ететін ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына назар аударып, талдамалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.