Форумға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінен халықаралық сарапшылар, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдардың өкілдері келді. Сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Грузия, Ресей және Түркия елдерінен келген делегациялар қатысты.

Қатысушыларды айтулы іс-шараның ашылуымен құттықтаған Сенат Спикері Қазақстанда волонтерлік қозғалыс мақсатты және жүйелі негізде дамып келе жатқанын айтты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялады. Мәулен Әшімбаев бұл бастама Қазақстанда волонтерліктің дамуына айтарлықтай тың серпін бергенін тілге тиек етті.

«Сол кезеңде пандемияның басталғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Президентінің волонтерлікті қолдау жөніндегі бастамасы уақтылы және маңызды шара болды. Шын мәнінде, еріктілер медицина қызметкерлерімен бірге коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Волонтерлер көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыс атқарды. Сол кезде батылдық танытып, қажырлы еңбек еткен барша еріктілерге тағы да алғыс білдіреміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы бүгінгі қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін және өзара көмек пен қолдау идеяларын барынша дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда көптеген адам үшін еріктілер мен қамқор азаматтардың қолдауы үлкен мәнге ие.

«Волонтерлер қоғамда тәртіптің жаңа үлгісін қалыптастыратын адамдар. Ол – жауапкершілік пен қамқорлықтың үлгісі. Сіздердің жұмыстарыңыз жақсылық пен мейірімділікке деген сенімді күшейтеді. Қиын жағдайда көмек қолын созатын, жүрегі кең жандардың табылатынына сену адамға ерекше рух береді. Осындай құндылықтарды дәріптей отырып, сіздер бүкіл қоғамды өзгертесіздер. Сондықтан елдегі волонтерліктің деңгейі қоғамның кемелдену көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар», – деді Сенат Спикері.

Мәулен Әшімбаев өткен сессияда Қазақстан Парламенті Волонтерлік қызметті дамыту туралы заңға түзетулер енгізгенін де атап өтті.

Аталған өзгертулерде еріктілерді мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар қатарына қабылдау және мемлекеттік қызметке орналасу кезінде волонтерлік қызметті назарға алу туралы ережелер қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапаттау және коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру арқылы волонтерлік қызметті ынталандыру шаралары енгізіліп жатыр. Заңда басқа да нормалар қарастырылған.

«Парламент Сенаты елдегі волонтерлік қызметті одан әрі дамыту мәселелерін әрдайым бақылауда ұстап отырады. Бұл бағытта басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Волонтерлік туралы заңнаманың елімізде, әсіресе, өңірлерде іске асырылуына мониторинг жүргізудің маңызы зор. Қажет болған жағдайда құқықтық базаны жетілдіре түсеміз», – деді Сенат Спикері.

Ол елде волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымдық негізді тексеру керектігіне де назар аударды. Сондай-ақ Волонтерлікті қолдау стандартын енгізуді жеделдету қажет екенін айтты.

Сонымен бірге Сенат Төрағасы алдағы уақытта волонтерлер бірегей және тарихи оқиға – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу жұмыстарына белсенді қатысатынын жеткізді. Аталған Съезде қатысушылар дінаралық диалогты, бейбітшілік пен келісімді кеңінен дәріптеп, қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп жауап іздейді.

«Съезге әлемнің 51 елінен келетін 100-ден астам делегация қатысады деп күтілуде. Бұл, ешбір әсірелеусіз, ерекше және тарихи оқиға болмақ. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру үшін біз 500-ден астам волонтерді жұмылдырып отырмыз. Олар бізге Форумды өткізуге көмектеседі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында Спикер Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты волонтерлікті әрі қарай дамыту мәселелерін ерекше бақылауда ұстайтынын және Орталық Азия елдерінің Парламенттеріндегі әріптестерімен ынтымақтаса отырып, қозғалысты өркендетуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Сенат Төрағасы биылғы 21 шілдеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі өткеніне назар аударды. Соның нәтижесінде Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы мақұлданғаны белгілі. Құжаттың бір тармағы жаңа құрылым – Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумын құруды көздейді.

«Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумын құру бастамасы біздің парламентариіміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Орталық Азияның болашағы өңірлік кооперация мен жан-жақты ынтымақтастықта. Сондықтан біздерге өңірлік байланыстарды нығайту және дамыту үшін барлық деңгейде қарқынды жұмыс жүргізудің маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Волонтерлер форумының пленарлық сессиясына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты координаторы Микаэла Фриберг-Стори және тағы басқалары қатысты.

https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/7063