2022 жылы еліміздегі күріштің егіс көлемі 87,8 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 10% төмен.  Оның ішінде 78,6 мың га күріш егісі немесе барлық егістің 89,5% Қызылорда облысында, 6,8 мың га Алматы облысында, 0,9 мың га Жетісу облысында және 1,5 мың га Түркістан облысында орналасқан.

Жұмыс істеп тұрған коллекторлық-дренаждық жүйелердің жай-күйі өте қолайсыз, соның нәтижесінде топырақтың сортаңдануы және жердің ауыл шаруашылығы айналымынан шығу процестері күшейе түседі.

Күріш чектерінің беткі қабатын күрделі жоспарлау - күріштің өнімділігін 10-нан 40% дейін арттыруды қамтамасыз ететін ең тиімді шаралардың бірі. Алайда, көптеген бизнес субъектілерінің бұл қымбат шараны өткізуге  шамасы келмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді, майлы, жемшөп және бақша сияқты суды аз қажет ететін дақылдардың егістігін ұлғайтуды ынталандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

«Күріш пен мақта егісі көлемінің қысқаруы өңір халқының әлеуметтік және экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді, осы мәселеге барлық жауапты мемлекеттік органдарға жауапты қарау орынды деп санаймыз. Күріш өсіру мелиоративті, топырақты тұздан қорғайтын, мемлекет  қаражаты салынған инженерлік жоспарланған жерлері екенін ескеру қажет, - деді министр.

Қызылорда облысының әкімдігі биылғы жылдың басында күріштің егіс көлемін 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланғанын атап өтті,  алайда өңірдің халқы үшін мұндай шешімнің салдарын болжай отырып, күріш  алқабын 78,6 мың гектар көлемін сақтау туралы шешім қабылданды.

«Тап болған қиындықтарға қарамастан, суды ұтымды әрі қайталап  пайдалану, жүйелі суару жолға қойылды. Сонымен қатар, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін көкөністер, жемшөп және бақша дақылдарының көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан күріш шаруашылықтарына жан-жақты қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, фермерлерге арзандатылған минералды тыңайтқыштар, пестицидтер сатылады. Суды беру бойынша қызметтер жеңілдік құны бойынша ұсынылады. Бұдан басқа, егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу кредиттеледі.

«Қызылорда облысында өткен жылы АӨК саласында 3,4 млрд.теңгеге 14 инвестициялық жоба іске асырылды, қосымша 151 адам жұмысқа орналасты. 2025 жылға дейін 56,2 млрд теңге сомасына тағы 42-ні іске асыру жоспарланған. Осының барлығы маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және облыс пен елорданың базарларындағы бағаларды тұрақтандыруға, сондай-ақ 1000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, биылғы жылы күзгі дала жұмыстарын жүргізуге өңірге нарықтық бағадан 15-20% төмен бағамен шамамен 11,6 мың тонна дизель отыны бөлінді», -  деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.

Күріш егісінің қысқаруына қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі нарықты күрішпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша алаңдауға себеп көріп отырған жоқ.

2021 жылы экспортталған күрішті есептемегенде республикада 297,7 мың тонна күріш болып, жыл сайын 158,6 мың тонна тұтынылған. 2022 жылы ақталмаған күрішінің (сыртқы қауызы алынбаған) өнімі 421,9 мың тонна деңгейінде болады деп болжанып отыр, одан 211 мың тоннасынан жуық күріш жармасын өндіруге болады.  Қолда бар күріш пен жиналған жаңа өнім халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатынын атап өту керек.

Алайда, топырақтың тозуына жол бермеу және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ушықтырмау үшін жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ салалық министрліктер болашақта күріштің егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет.