«Танк биатлоны» байқауындағы үшінші экипаждар айналымынан кейін қазақстандық танкистер жартылай финалға жолдама алды. Құрамында капитан Ермахан Құдайберген, 3-сыныпты сержант Рустам Молдашов және сержант Бейімбет Бөдесов бар Қазақстан командасының экипажы кедергілері бар тас жолдан сенімді өтіп, Өзбекстаннан келген басты қарсыластарынан 1 минутқа басып озды. Жартылай финалдық эстафетаның қалған қатысушылары ертең Беларусь, Қытай, Қырғызстан және Ресей командалары арасындағы үшінші экипаждар айналымы өткен соң анықталады.

Әзербайжан Республикасындағы теңіз полигонында әскери теңізшілер кемені зәкірге байлау жаттығуларын орындады. Төрт жаттығудың қорытындысы бойынша Қазақстанның әскери теңізшілері 164 ұпаймен үшінші орында. Бірінші орында 173 ұпай жинаған Ресей командасы, екінші орында 167 ұпай алған Әзербайжан.

Кабардино-Балкариядағы «Эльбрус шеңбері» байқауында Қазақстан, Қытай, Ресей және Өзбекстан командалары арасында үздікті анықтау үшін тартысты сайыс басталды. Қатысушылар аспалы өткелді еңсеруден сегізінші тапсырманы орындау қорытындысы бойынша қазақстандық альпинистер ресейліктерге ғана жол беріп, екінші орынға ие болды. Үшінші орында – Қытай командасы.

Жуырда «Бейбітшілік жауынгері» байқауының шешуші жарыстары өтеді. Біздің жауынгерлердің жеңіске жетуге әлі де мүмкіндіктері бар.