Іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ, жобалау институттары мен ірі құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Қазақстан Республикасында экспортқа бағдарланған әлеуеті бар құрылыс материалдарын өндіру арқылы импортты алмастыруды дамыту мәселесі стратегиялық басымдықтардың бірі. Еліміз халықаралық деңгейдегі сапалы лак-бояу өнімдерін өндіруге мүдделі. Қазақстанның қатысуымен шетелдік инвесторлардың «ВМП Астана зауыты» жобасының сәтті іске асырылуы елімізді құрылыс материалдарының осы сегментінің импортқа тәуелділігін төмендетумен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Есігін айқара ашқан зауыттың негізгі құрылтайшысы – өнеркәсіптік қолдануға арналған заманауи лак-бояу материалдарын ресейлік өндірушілер арасында көшбасшы «ВМП» ғылыми-өндірістік холдингі болып табылады. Зауыт құрылысына Оңтүстік Корея, Италия, Германия өндірген жоғары технологиялық жабдықтар пайдаланылды. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннадан асады, 40-қа жуық жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Аталған зауытта металл, бетон және темір-бетон конструкцияларын коррозиядан және оттың әсерінен қорғауға арналған лак-бояу өнімдері шығарылатын болады. Сонымен қатар зауыт өнімдері жол айрықтарын, теміржол, жаяу жүргіншілер және автомобиль көпірлерін салуда қолданылады. Өндіріс технологиясын және зауыттың халықаралық сапа стандартын ескере отырып, өнім өндіруге арналған шикізат тікелей Еуропа мен Оңтүстік Кореядан сатып алынады.

«Кәсіпорынның іске қосылуының нәтижесінде Қазақстан халықаралық аналогтардан кем түспейтін сапалы лак-бояу өнімдерін жеткізуші болып отыр. Жалпы, жобаны жүзеге асырудың сала үшін де, ел үшін де экономикалық және ғылыми пайдасы бар», – деді зауыттың бас директоры Михаил Вахрушев.

Айта кетерлігі, зауыт зертханасы базасында коррозиядан қорғау саласындағы жаңа әзірлемелерді іс жүзінде енгізу бойынша ғылыми қызмет жүргізілуде.