Қаңтардағы оқиғаларды тергеуге бағыт-міндеттері басқаша, бірақ бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін барлық құқық қорғау органдары тартылған.

«Террористік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтаумен арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары айналысуда. Өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы азаматтардың шағымдары бойынша тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның қызметкерлері, жекелеген жағдайларда арнайы прокурорлар жүргізуде. Ішкі істер органдарының тергеу-жедел топтары жаппай тәртіпсіздік аясында жасалған ұрлық, тонау, көлікті заңсыз айдап әкету, бұзақылық және қаруды ұрлау фактілерін тергеуде. Біздің ортақ міндетіміз – толық, объективті және жан-жақты тергеу жүргізу, азаматтарға бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көмектесу, сондай-ақ алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін қажетті және кешенді шаралар қабылдау»,  - деді спикер.