Мемлекет басшысының, жеңілдететін мән-жайларды ескерудің маңыздылығы туралы тапсырмасын орындау аясында бұрын соттылығы жоқ, оң мінезделетін және шығынды өз еркімен өтеген 421 күдіктіге қатысты бұлтартпау шаралары қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес болып өзгертілді. Бұдан әрі оларға ешқайда кетпеу қолхаты, кепіл, үйде қамауда ұстау және жеке кепілгерлік сияқты бұлтартпау шаралары қолданылды. 


«Орташа және онша ауыр емес қылмыс жасаған, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген 35 күдіктіге қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды. Өз кезегінде соттар да жаза тағайындаған кезде тергеу мәліметтерімен қатар, сотталушылардың өз ұстанымын, өкініш білдіруін, шығынды өтегенін және тергеуге жәрдем көрсеткенін де ескеруде. Мысалы, Алматы облысының екі тұрғыны Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Абылай хан даңғылындағы дүкендердің бірінен жарты миллион теңгеден астам сомаға тауар ұрлаған. Сот айыпталушылардың жеке басын мінездейтін мәліметтерді, жасаған әрекетіне өкініш білдіруін және шығынды өтегенін ескере отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды», - деді тергеу департаментінің бастығы.