Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов өз сөзінде жыл сайынғы халықаралық әскери-спорттық жарыстардың әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы мен шеберлігін жетілдірудегі маңызының зор екенін атап өтті.
«Артиллериялық атыс шеберлері», «Тактикалық мерген», «Меридиан» конкурстары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы үш оқу-жаттығы полигонында өткізілді. Оған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан командалары қатысты.
Үш конкурстың бәрінде Қазақстанның әскери қызметшілері жеңіске жетті.
Жамбыл облысындағы «Гвардейск» полигонында өткен «Артиллериялық атыс шеберлері» конкурсында қазақстандық миномет есептоптары бірінші орынға ие болды. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша екінші орынды Ресейдің әскери қызметшілері иеленсе, үшінші орынға Әзербайжанның артиллеристері көтерілді.
Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында өткен «Тактикалық мерген» байқауында бірінші кезеңнен-ақ Қазақстан командасы көш бастады. Біздің жауынгерлер барлық кезеңдерде сенімді жеңіске жетіп, байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға ие болды. Жеңіс тұғырының екінші сатысына Қытай командасы көтерілсе, үшінші орынды Өзбекстан мен Ресей құрамалары бөлісті.
Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Әскери топографтар кәсіби шеберліктерін сынға салды. «Меридиан» байқауында да бірінші орынға Қазақстан командасы көтерілді. Екінші орынды Қытай әскери қызметшілері еншілесе, үшінші орынды Өзбекстан мен Беларусь командалары өзара бөлісті.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен наградталды. Сонымен қатар, әр конкурста жеке номинациялар бойынша жеңімпаз атанғандар да жүлделермен марапатталды.