Жиын барысында ҚР ИИДМ бастамасымен аймақтық әуежайларды қаржылай қолдау бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты екшеліп, осы тараптағы ұсыныстар ортаға салынды.
Ардақ Өтеповтің айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына өзгерістер Үкіметте мақұлданып, ол Парламент Мәжілісінің қарауына жолданды. Аталған өзгерістер операциялық шығындарды жабуға кіріс деңгейі жетпейтін жергілікті әуежайларды субсидиялау механизмін қарастырады.
Бұл өзгерістер енгізілгеннен кейін жылдық жолаушылар ағыны 200 мыңнан төмен коммуналдық меншіктегі әуежайлар субсидияланбақ.
«Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген жергілікті әуежайлар қаржылық қиындықтарға тап болуда. Бұл өз кезегінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететіні белгілі. Себебі, қаржының жеткіліксіздігі тиісті техникалық жаңалау жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы тараптағы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Жуық арада аталған өзгерістер Заңға енгізіледі деп күтілуде. Осыған орай әуежайларды субсидиялаудың жаңа ережесі бекітілмек. Бұл орайда, әуежай, Азаматтық авиация қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП өкілдерімен талқылаулар өткізу үлкен маңызға ие», – деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол әуежайларды субсидиялау шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасында да қарастырылғанын айтты.
«Ел аймақтарын экономикалық және әлеуметтік дамыту бағдарламаларын кешенді қолдаудың арқасында ондағы әуежайлардың инфрақұрылымы мен адами ресурстарын жаңғыртуға да мүмкіндік тумақ. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалына оң әсер етіп, тың серпін бермек», – деді Ардақ Өтепов.
Басқосу барысында қатысушылар заң жобасы мен өңірлердегі әуежайларды субсидиялау тетігін одан әрмен жетілдіруге байланысты өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды.