Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев қатысушыларды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған және жаңа Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар бағдарламасы туралы хабардар етті.

РА СІМ Еуразиялық аймақ департаментінің бастығы Давид Вирабян дипломатиялық қатынастардың орнауымен Армения мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық өзара іс-қимыл әріптестік және өзара тиімді ынтымақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде армян сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғырудың, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы реформалардың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

Жетекші сарапшылар Қазақстандағы конституциялық реформаны құптап, ҚР басшылығының саясатын жоғары бағалады.

Іс-шара барысында Қазақстан-Армян ынтымақтастығын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Құрметті консулы арам Абраамянға "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 30 жыл" медалі табысталды.