Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударады, бұл туралы жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында айтылған болатын. Сондай-ақ, Үкіметтің ұдайы бақылауында, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, Жол картасы қабылданды. Бұл мәселе биліктің заң шығарушы тармағы тарапынан да назардан тыс қалған жоқ, көптеген депутаттық сауалдар жолданып, бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Құқық қорғау органдары мен ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және т.б. органдармен бірлесіп, бірқатар жедел және профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. 

«Жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 1700 жуық қылмыс тіркелді. Оның ішінде өткізу фактілері 1055, аса ірі мөлшерде сақтау фактілері - 262. Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы – шамамен 333 кг, барлық құзырлы органдармен бірге есептегенде. Жалпы есірткінің салмағы 4 тоннадан астам. Қазақстанға синтетикалық есірткінің түрлері 2015 жылдан бастап келе бастады. Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесінде 2017 жылдары 6 кг тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш 140 кг жетті. Ішкі істер органдарымен жыл басынан бері 87 кг тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Мысалы, Қазақстан мен Ресей ІІМ екі елдің аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізудің трансұлттық арнасына тосқауыл қою бойынша арнайы операцияны аяқталды. Ол өткен жылдың соңынан ағымдағы жылдың сәуір айына дейін өткізілді. Бір мезгілде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Омбы мен Таразда синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі және Қазақстанда оларды қабылдап алушы ұсталды. 260 жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Оның жалпы сомасы 9,5 млн АҚШ доллары. Ал дозамен айтсақ, миллионнан асып кетеді. Операция еліміздің 7 қаласында өткізілді: Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылордадағы. 13 адам ұсталды, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», - деді спикер.