2019 жылғы қыркүйекте жаңа психобелсенді заттарды тұтыну бойынша наркологиялық жағдайға эпидемиологиялық бағалау жүргізілді. Қазіргі уақытта Республикалық психикалық денсаулық орталығы ЖҚТБ-мен, туберкулезбен және безгекпен күресуге арналған Жаһандық қордың қолдауымен Қазақстанда 18-34 жас аралығындағы жастар арасында жаңа психобелсенді заттардың таралуын клиникалық-эпидемиологиялық зерттеуді аяқтады.  


«Екі зерттеудің нәтижелерін салыстыру кезінде синтетикалық есірткіні өмір бойы қолданудың 6,3-тен 3,9%-ға дейін; синтетикалық есірткіні соңғы 30 күн ішінде тұтыну тәжірибесі 2,4-тен 0,6%-ға дейін төмендегені байқалады. Халықаралық стандарттарға сәйкес, мұндай зерттеулер үш жылда 1 рет жүргізіледі және елімізде 2024 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында келесі зерттеу жүргізу жоспарлануда», - деді спикер.