Аймақтағы білім саласының өкілдері басын қосқан шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Еліміздің бас ұстазы өңірдегі мұғалімжермен өткен жиында облыс әкімінің салаға қатысты есебін таңдады.

Министр қатысқан бұл кеңесте Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ағымдағы жылы білім саласының бюджеті 274,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 34 млрд. теңгеге артып отырғанын алға тартып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,6 млрд. теңге, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2,7 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді.

«2022 жылға жергілікті бюджет есебінен жаңа модификациялық кабинеттер сатып алуға 1063,3 млрд. теңге қаражат бөлініп, жыл соңына дейін 102 пән кабинеті сатып алынады»,- деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Алматы облысы тұрғындар тығыз орналасатын өңір. Мұндағы демографиялық өсім мен ішкі миграцияға байланысты жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Сондықтан да, аймақта үш ауысымды мектеп санын азайту әлі күнге күн тәртібінен түскен емес. 

Өңірде 54 білім ұясының үш ауысымда жұмыс жасап тұр.

«Облыстағы мектептерде 23 273 оқушы орны тапшылығы бар. Бүгінде үш ауысымда білім беру мен оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында 2022-2025 жылдар аралығында 62 мектептің құрылысын салу жоспарланды. 2022 жылы 20 білім беру нысандарының құрылысы жүргізілуде, оған 39,0 млрд. теңге бөлінді»,- деді Марат Елеусізұлы.

Айта кетейік, биыл 12 білім беру нысанынын қолданысқа беру көзделген, оның ішінде 8 мектеп үш ауысымда оқытуды жою үшін салынуда, 8 мектептің құрылысы 2023 жылы аяқталады.