Іс-шараны Конституциялық Кеңес, Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясы, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті және Нархоз Университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Форум Еуропалық Одақ пен Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі Еуропа Кеңесінің 2020-2023 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде аталған университеттер базасында гибридтік режимде өтті.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми іс-шараны аша отырып, қазіргі конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті. Бұл бағытта өтініш субъектілерінің тізбесін кеңейте отырып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сотқа трансформациялау маңызды жаңалық болып табылады, деді спикер.

Венеция комиссиясының атынан Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Комиссия мүшесі Владимир Варданян құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, Герман халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) Бас директоры Фрауке Бахлер және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас қатысушыларға құттықтау сөз арнады.

Дөңгелек үстел бағдарламасы үш сессиядан тұрды. Оған қатысушылар Конституциялық Сот қызметінің құқықтық негіздерін, конституциялық шағым институтын құқықтық реттеудің тұжырымдамалық тәсілдерін, сондай-ақ Конституциялық Сот ісін жүргізудің ерекшеліктерін және конституциялық бақылау органдары шешімдерінің орындалу мәселелерін талқылады.

Конституциялық Сот туралы Конституциялық заң жобасының негізгі ережелерімен Конституциялық Кеңестің мүшесі Иоган Меркель таныстырды.

Форумда конституциялық бақылау органдарының басшылары: Өзбекстан Республикасының – Мирза-Ұлықбек Абдусаломов, Қырғыз Республикасының – Эмиль Осконбаев, Тәжікстан Республикасының –  Абдулхафиз Абду Ашурзода, Германия Федералдық конституциялық сотының судьясы Астрид Вальрабенштайн, сондай-ақ Молдова Конституциялық Сотының экс-төрағасы Александру Тэнасе баяндама жасады.

 Сондай-ақ, Венеция комиссиясының өкілдері болып табылатын шетелдік сарапшылар: Хорватия Конституциялық Сотының экс-Төрағасы Жасна Омейек, Грузия Конституциялық Сотының экс-Төрағасы Георгий Папуашвили және Корея Конституциялық Соты Бас хатшысының орынбасары Чон-Вон Ким өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен жаңалықтар туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э.Әзімова, Әділет Вице-Министрі А.Мұқанова, сондай-ақ отандық құқық ғылымының өкілдері - профессор М.Бәшімов пен А.Қараев айтып берді.

Форум жұмысына Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот судьялары, мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.