1 қыркүйекте республиканың барлық мектептерінде Білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар, сондай-ақ «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында сынып сағаттары өтеді.

«Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері айқындайды. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін, яғни 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күнінен бастап оқушылар дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Тиісінше, жаз айларында балалар толығымен демалады. Жалпы, бір оқу жылында балалар 4 рет демалады. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Жазғы демалыс күндерін қосқанда балалар жалпы 192 күн демалады, ал 173 күн оқитын болады. Оқу жылының 36 апта болуына байланысты үш ауысымды мектептерді қоспағанда 7 мыңнан астам мектеп жаңа оқу жылында бес күндік оқыту режиміне көшеді, бұл мектептерде 3,4 млн бала және 300 мыңнан астам педагог бар»,  - деді спикер.