Серік Жұманғарин жастарды қолдау адами капиталды дамыту мемлекеттік саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында қатысушы мемлекеттердің 2021-2030 жылдарға арналған Халықаралық Жастар ынтымақтастығының стратегиясы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ерікті қозғалысын қолдаудағы ынтымақтастығын дамыту тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. «ТМД үшін 100 идея» халықаралық жастар жобасы – шығармашыл жастарды жақындастыратын алаң. Осы жылдың мамыр айында ТМД Үкімет басшылары «ТМД жастар астанасы» халықаралық жобасын ұсынды. Қазақстан жастар астанасының жобасын Жастар форумын өткізу арқылы толықтыру бастамасын көтерді.

«Форум аясындағы кездесулер түрлі елдердің жастар ұйымдарының қарым-қатынас көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ТМД елдерімен тәжірибе алмасу үшін жақсы негіз болып отыр. Бұл біздің еліміздің жастар саясатын жетілдіруге ынталандырады», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушы.

Қазақстанда жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуы үшін жаңа, анағұрлым сапалы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. Оның ішінде жастар мемлекетті басқару процесіне тартылады. Ел Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңеске қоғам белсенділері, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, ауыл және шығармашыл жастар өкілдері, түрлі грант иегерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары кіреді. Жас қазақстандықтар үшін айқын әрі тиімді әлеуметтік лифт – Президенттік Жастар кадр резерві қалыптастырылды. Ол неғұрлым білікті, өршіл және креативті жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымдарға орналасуға мүмкіндік береді.

«Лауазымдарға орналасу конкурстары кезінде бірінші кезекте Президенттік кадр резервіне қатысушыларға басымдық беріледі», — деді Жұманғарин.

Бүгінгі таңда 218 «президенттік резервист» жоғары лауазымдарға тағайындалды, оның ішінде 19-ы саяси лауазымдарға тағайындалды.

Серік Жұманғарин, сондай-ақ, ТМД және ЕАЭО кәсіби жастары өкілдерінің бірқатар сұрақтарына да жауап берді.

Анықтама: Қазақстан халқының 20%-ын (3,8 млн адам) 14-29 жас аралығындағы азаматтар құрайды: жоғары сынып оқушылары, студенттер мен магистранттар, жұмыс істейтін және NEET санатындағы жастар.

Жастар прогресі индексінде-2021 (ЖПИ) Қазақстан 54-орынды иеленді (2017 жылы – 63-орын).