Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 42,1% жуығы мал шаруашылығына тиесілі.

Қазір салада мал мен құс санының тұрақты өсу қарқыны, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің ұлғайғанын көрсетіп отыр. Еліміз сиыр еті, қой еті, жылқы еті мен жұмыртқа бойынша өзін-өзі қамтамасыз ете бастады, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51% - дан 35% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды.

Соңғы 5 жылда мал шаруашылығына субсидия көлемі 60% -дан астамға өсіп, 2022 жылы 124,5 млрд теңгені құрады.

Өткен жылы мал шаруашылығында жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Мәселен, сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес, 2021 жылы қуаттылығы 57 мың тонна болатын 35 сүт-тауар фермасы іске қосылды.

Жалпы, қазір мал шаруашылығы саласы өзінің жаңа кезеңін бастады. Сенатта қаралып жатқан "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" заң жобасының арқасында тауар өндірушілерге селекциялық–асылдандыру жұмысындағы заманауи әдістер мен технологияларға қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Заңнамалық деңгейде асыл тұқымды жануарларды бағалаудың жаңа әдістері енгізіледі.  Мысалы, индекстік бағалау, молекулалық және генетикалық сараптама жүргізу, жануарларға геномдық бағалау жүргізу көзделген.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметтері арасында өкілеттіктерді бөлу, ветеринарлық қызметті өзіне тән емес функциялардан босату және ауылдық округтердің ветеринарлық дәрігерлеріне қосымша өкілеттіктер беру, сондай-ақ ветеринария саласын цифрландыру бар.

2021 жылдан бастап маусым айының екінші жексенбісінде Қазақстанда мал өсірушілер күні (малшылар мерекесі) аталып өтіледі.

Слет барысында ең үздік малшыларды атап, құрмет көрсетілді. Республиканың көзге түскен шаруа қожалықтарының басшылары "Еңбек ардагері" медальдарымен, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" белгілерімен, сондай-ақ құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.