Рәсімге Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен қазақстандық делегация қатысты.

Ойындардың бейресми командалық есебінде Қазақстан құрамасы Ресей мен Өзбекстан елдерінен кейінгі үшінші орынды еншіледі.

Қазақстан командасы Жамбыл облысында «Артиллериядан оқ ату шеберлері» байқауында минаатқыш есептоптары жеңіске жетті, Қарағанды облысында «Тактикалық мерген» байқауына қатысқан әскери қызметшілер бірінші орын алды, Ақмола облысының «Меридиан» сайысында кәсіби шеберлігін көрсеткен әскери топографтар, сондай-ақ Арменияда  «Бейбітшілік жауынгері» сайысында жауынгерлер үздік нәтиже көрсетті.

Әскери теңізшілер лайықты сайыс түрін көрсетіп, Әзербайжандағы «Теңіз кубогының» күміс жүлдесін алды.

Кабардино-Балкариядағы «Эльбрус шеңбері» байқауында қазақстандық әскери альпинистер бірқатар күрделі тапсырмаларды орындап,  тартысты жарыста Ресей, Өзбекстан және Қытай қарсыластарына жол беріп, төртінші орынға ие болды.

«Танк биатлонының» ақтық сынына бір қадам қалғанда қазақстандық танкистер жартылай финалдық эстафетада қытай әскери қызметшілеріне жол берді.

VIII Халықаралық армия ойындары 12 елдің 30 полигонында өтті. «АрХО-2022» бағдарламасына далалық, әуедегі және теңіздегі жауынгерлік машықты көрсетуден 34 байқау кіргенін айта кеткен жөн.

Қазақстандық әскери қызметшілер жеті байқауда бағын сынады, олардың үшеуі ел аумағында өткізілді.