1. Қазақстан бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай біз ядролық сынақтардан азат әлем құруға және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қол жеткізуге бейілдігімізді растаймыз.

 

  1. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық үшін символдық мәні ерекше күн болды. Бұл маңызды оқиға саяси серпін бере отырып, 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына әкелген халықаралық күш-жігерге үлес қосты. ЯСЖТШ қабылданған сәттен бастап Қазақстан ЯСЖТШ-ны және оның тексеру режимін нығайтуды дәйекті түрде қолдайды.

 

  1. Биыл Қазақстандағы бес Халықаралық мониторинг жүйесінің станцияларын және бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағын басқаратын Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының (ҰЯО) 30 жылдығы атап өтілуде. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры ЯСЖТШ-ның «В» жұмыс тобына тиімді төрағалық етуде.

 

  1. Шартқа қол қойған 186 және ратификациялаған 173 мемлекеттер арқасында ЯСЖТШ-ды әмбебаптандыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Шарттың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, барлық мүдделі тараптардың сәтті ұжымдық күш-жігерін көрсететін Гамбия, Тувалу, Доминика және Тимор-Лестенің таяуда ЯСЖТШ-ны ратификациялауын құптаймыз. Оның тексеру режимін құру аяқталуға жақын. ЯСЖТШ мен ядролық сынақтарға тыйым салу туралы норма әлі заңды түрде міндетті болмағанына қарамастан, оны орындау іс жүзінде жалпыға ортақ болып табылады.

 

  1. Біз ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) қолданылуын қарау процесі шеңберінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану режимінің негізгі тірегі ретіндегі ЯСЖТШ рөлін растаймыз. ЯСЖТШ ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің тиімді және практикалық шарасы болып табылады.

 

  1. Біз барлық мемлекеттерді 2022 жылы 7 қыркүйекте Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас штабында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтуге және насихаттауға арналған Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі пленарлық отырысына қатысуға шақырамыз.

 

  1. Біз барлық мемлекеттерді ядролық жарылыстарға мораторийді сақтауды жалғастыруға шақырамыз. Біз Шартқа әлі қол қоймаған және/немесе ратификацияламаған мемлекеттерді мұны кідіріссіз жасауға шақырамыз. Біз 2-қосымшада көрсетілген ратификациялауы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін қажет қалған сегіз мемлекетті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін осы маңызды қадамды қолдана отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілділігін көрсетуге шақырамыз.

 

  1. Ядролық қарусыздануды ілгерілету және болашақ ұрпақ үшін неғұрлым қауіпсіз әрі сенімді әлем құру үшін – 21 ғасырдағы адамзаттың ортақ мақсаты – Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты іске қосатын кез келді.