Шахтинск тұрғындары екі маңызды мерекеге – Кеншілер күні мен Конституция күніне орай ерекше сыйлық алды. Қалада бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Ол кеншілердің өтініші бойынша салынды. Жаңартылған Мәдениет және демалыс саябағы да ашылды. 

Кеншілер күні әлеуметтік нысандарға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ArcelorMittal компаниясының ТМД бойынша бас директоры Виджай Гоял және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Бас директоры Биджу Наир, сондай-ақ шахтерлердің өкілдері келді.

Шахтинск қаласында қаланың әрбір оныншы тұрғыны шахтер. Қаланың айналасында төрт шахта және бір көмір өндірісі бар, онда 5,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Шахтинск тұрғындары ДСК-ның ашылуын асыға күткен болатын. Енді мұнда спорттық өмір қарқындай түспек. Кешен мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Бассейнде суға түсуге арналған арнайы жабдық орнатылған. Мамандандырылған залдарда спорт әуесқойлары бокс пен күрес, ауыр атлетика, шағын футбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады.

Қазір әкімшілік рәсімдер мен жаттықтырушыларды қабылдау жүріп жатыр.

- Біз, кеншілер, қаламыз үшін ДСК салуды сұрадық. Міне, өтінішіміз орындалды. Біз балаларымыз бен ересектер спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болғанына өте қуаныштымыз, - дейді "Қазақстан" шахтасы кәсіподақ комитетінің төрағасы Марал Жамбейісов.

Саябақты қайта құру "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қаражатына жүргізілді. Компанияның мәліметінше, жоба құны 780 млн теңге. Демалыс орнында қырлы тас төселді, жаңа алаңдар мен аттракциондар орнатылды. "Кенші отбасы" монументі күрделі жөндеуден өтті.

Тұрғындардың өтініші бойынша олар алдағы уақытта автодром жабдықтамақ. Күзде жаңа ағаштар отырғызылады.

Биджу Наир саябақты жаңартуға қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

- Үлкен жұмыс атқарылды. Кеншілерімізді және қаланың барлық тұрғындарын қуанту үшін саябақты абаттандыру мен көгалдандыруды жалғастырамыз, - деп сендірді компания басшысы.

Қаладағы өзгерістерге тұрғындар да ерекше қуанды.

- Біздің отбасымыз Шахтинск қаласында 40 жыл тұрып келеді. Кез-келген өзгеріс – бұл біздің көз алдымызда болған жағдайлар. Соңғы жылдары қаланың қарқынды дамуын көріп отырмыз. Спорт кешенін салды, оны біз бәріміз тағатсыздана күттік, өйткені барлығының балалары, немерелері бар. Барлық жерлестерімді Кеншілер күнімен және Конституция күнімен құттықтаймын. Біздің сүйікті қаламыз одан әрі өркендей берсін, - дейді Шахтинск қаласының тұрғыны Тамара Иванова.

Ал Балқашта ҚР Конституциясы күні қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы 16 отбасы баспаналы болды. Ал жас кәсіпкерлер өз ісін ашуға және дамытуға қала әкімінің гранттарын алды.

Жаңа қоныстанушылар 10-шы шағын аудандағы 16 және 17-ші үйлерден пәтер алды. Тұрғын үй "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Пәтерлер "Отбасы банкі" арқылы "Шаңырақ" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша сатып алынды. Жаңа қоныстанушылар арасында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Өтеусіз грант алу конкурсына 20 өтінім келіп түсті. Комиссия бес жеңімпазды анықтады. Қала әкімі Ораз Тәуірбековтың айтуынша, "Қарапайым заттар экономикасын" дамытуға ықпал ететін бизнес-жобалар таңдалды. 

Грант иегерлерінің бірі жеке медициналық клиниканың директоры Рахат Түсіпов болды. Ол жеңіп алған қаражатын жабдықтарын жаңарту үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Болашақта Рахат клиникаға зертханалық диагностика енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашқысы келеді.

Қала әкімінің гранттары Балқашта 2018 жылдан бастап беріледі. Осы уақыт ішінде жалпы сомасы 60 млн теңгеден астам сомаға 43 жас кәсіпкер грант алды.