ВАК отырысында айтылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәнді дақылдар жақсы жиналады деп күтілуде. Биыл 13 млн тоннадан астам бидай жинау жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Ішкі тұтыну үшін шамамен 6,5 млн тонна қажет. Мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, Астық одағы, Астық өңдеушілер одағы өкілдерімен, «Шопан-Ата» ұлттық агро-қозғалысының басшысымен бидай мен меслинді, бидай ұнын экспорттауға сандық шектеулерді (квоталарды) алып тастаудың орындылығын жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша, сондай-ақ АШМ болжамы негізінде астық пен ұн экспорттауға шектеулерді 2022 жылдың 10 қыркүйегінен бастап алып тастау туралы шешім қабылданды. Еске сала кетейік, бұл шектеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 8 шілде мен 30 қыркүйек аралығына енгізілген болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық экспортына мониторинг жүргізу және астық пен ұн экспортын одан әрі реттеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сондай-ақ отырыс барысында аналық мал басын қоспағанда, ірі қара және ұсақ қара малды экспорттауға сандық шектеу (квоталар) белгілеу мақұлданды. 

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, ірі қара мал саны – 9,4 млн бас, оның ішінде 4,5 млн сиыр, 3,2 млн төл бар.

Қошқар экспорттауға 60 мың бас немесе жалпы мал басының 9%-ы, сондай-ақ 120 мың бас тоқты немесе жалпы мал басының 10%-ы мөлшерінде квота белгілеу туралы шешім қабылданды.

2022 жылғы 21 қаңтар мен 21 шілде аралығында ірі қара және ұсақ малды экспорттауға тыйым салынған болатын.