Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Президент берген тапсырмалардың қалай орындалатыны туралы баяндады.
Вице-министрдің айутынша, Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындауды қамтамасыз ету үшін келесі шараларды қабылдайтын болады.
Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша заң бұзушылықтардың алдын алу фискалдық және камералдық бақылау кезінде, сондай-ақ тексерулер кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жақсарту жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ камералдық бақылаудың орындалмаған хабарламалары бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды кеңейту және қосылған құн салығын қайтару кезінде тексеру жүргізбей тәуекелдерді бағалау ұсынылады.
Жалған мәмілелерді жасау кезінде электрондық шот-фактураларды онлайн мониторингтеу жолымен олардың жолы кесілетін болады.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректері негізінде барлық хабарламаларды орталық деңгейде кезең-кезеңімен автоматты түрде қою жоспарланып отыр.
«Салық төлеушілердің өз контрагенттерін дербес тексеруі үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл сот талаптарының санын азайтады», — деді Е. Біржанов.
Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, адал кәсіпкерлерге қысым жасауды болдырмау үшін бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылдың жаңа нысаны ретінде «қашықтан бақылау» енгізілетін болады.
Ірі бизнеспен қашықтан өзара іс-қимыл жасауға негізделген «деңгейлес мониторингті» қолдану кеңейтілетін болады.
«Тауарларды бақылап отыру жүйесін одан әрі жетілдіретін боламыз, оның аясында салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерін толық интеграциялау жоспарланып отыр», — деді Ержан Біржанов.
2023 жылдың соңына дейін Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі және кейіннен «Астана-1», «Е-терезе» және кедендік әкімшілендірудің жаңа жүйесімен интеграцияланып, Интеграцияланған деректер базасы тәжірибелік пайдалануға енгізілетін болады.
Сонымен қатар қосымша белсенді қызметтерді көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары интеграцияланды.
Нәтиже салық салу жүйесін оңайлату, оның ішінде қызметтерді аутсорсингке беру және өз сервистерін дамыту арқылы болуы тиіс.
Биыл бір терезе қағидаты бойынша Ахуалдық орталық пен Электрондық декларациялау орталығын біріктіру жолымен Бас диспетчерлік басқарма құрылды. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында орналасқан 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жүргізіліп жатыр. Жаңғыртылған өткізу пункттерінде интеграцияланған кедендік бақылау жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар навигациялық пломбалар кеңінен қолданылатын болады. Бұл жалған транзитті болдырмайды. Жалпы ұсынылып отырған шаралар деректер базасының жұмысын жандандыруға және жеделдетуге, салықтық-кедендік әкімшілендіруді жеңілдетуге және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Содан кейін вице-министр «Халық қатысатын бюджеттің» ауқымын кеңейту бойынша сөз қозғады. Оның айтуынша, халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуы бойынша бюджеттеудің жаңа практикаларын қолдану мақсатында нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілетін болады.
Бұл «халық қатысатын бюджеттің» ауқымын аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарға кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, халықты бюджеттік шешімдер қабылдау процесіне тарту:
- процестің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- азаматтардың жергілікті билікке сенімін нығайтады;
- халықтың хабардарлығын және қаржылық сауаттылығын арттырады;
- инфрақұрылым объектілерінің сапасы мен ұқыпты пайдаланылуы үшін ортақ жауапкершілікті қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды анықтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша Ержан Біржанов министрліктің мемлекеттік қолдау шараларын мониторингтеу жүйесін әзірлегенін мәлімдеді.
«Тиімділікті бағалаудың жаңа әдістемесі бекітілді, ол мемлекеттік қолдау алған субъектілерге мемлекеттің қолдауынсыз дамып келе жатқан субъектілермен салыстырмалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді», — деді ол.
«Скоринг» құралы іске асырылатын болады, оның нәтижелерін мемлекеттік қолдау көрсету кезінде пайдалану жоспарланып отыр.
Бұл кәсіпкерлерді қаржылық қолдауға бағытталған қаражатты неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Осылайша, салық төлеу, жұмыс орындарын ұлғайту немесе жалақы қоры бойынша оң көрсеткіштері бар бизнеске қолдау жасалатын болады.
Одан кейін бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша сөз қозғалды.
Вице-министрдің айтуынша, бюджеттік процестерді түбегейлі жеңілдеуімен бірге жаңа Бюджет кодексі аясында тексеруші органдардың тәуекелдерді басқару жүйелері қайта қаралатын болады.
Бюджеттік тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесі бюджет қаражатын, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың тиімсіз пайдалануын болдырмауға бағытталатын болады.
Агроөнеркәсіп кешеніне субсидиялар бөлуге және игеруге бақылауды күшейту бойынша көрсетілген қаражатты бақылаудың неғұрлым пәрменді тетігі тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізу бойынша жедел мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бұзушылықтарды болдырмау бойынша басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды қабылдауға қатысты биыл күшіне енген «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңды қолдану практикасына талдау жүргізілетін болады.
«Талдау нәтижелері бойынша сатып алу және тиісті платформаны енгізу бойынша Бірыңғай заң әзірлеуге кірісеміз. Мемлекет басшысының басқа да тапсырмалары бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізілетін болады», — деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.