Министрдің айтуынша, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату аясында қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша «отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында тұрған адамға қатысты» деген қосымша саралауды енгізу көзделген. Сонымен қатар осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін 5 тәуліктен бастап белгілеу, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарлануда.

Сондай-ақ тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу көзделуде.

«Бұл полицияға жәбірленушілердің өтінішінсіз – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Бұл ретте түпкілікті құқықтық бағалауды сот беретін болады. Бұл шара жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді М. Ахметжанов.

Сонымен қатар заңсыз әрекетті қайталап жасаған кезде мұндай құқықты алып тастау арқылы тараптардың сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарлануда. Бұл сондай-ақ зардап шеккендерге «жанжалқой» мен басқа адамдардың психологиялық қысымының қатал тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда әкімшілік жазалау шарасын қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. 

Бұл – көшелерді, қоғамдық аумақтарды тазалау, жолдарды салу және жөндеу, қала аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ басқа да әлеуметтік пайдалы жұмыстар. Жазаның бұл түрі ықтимал бұзушыларды олардың мінез-құлқын бақылауға итермелейді.

ІІМ басшысы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар жасалатыны туралы айтты.

«Стратегиялық бағдарламалық құжат әзірленетін болады. Ол есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың профилактикасы саласында уәкілетті мемлекеттік органдардың күш-жігерін шоғырландыруға бағытталған шаралар кешенін қамтитын болады. Бұл ретте ведомствоаралық үйлестіру, сондай-ақ жоспарланған іс-шаралардың іске асырылуын бақылау мен қадағалау күшейтіледі», — деді ішкі істер министрі.

Атап айтқанда, нақты мемлекеттік органға (Денсаулық сақтау министрлігі) үйлестіруді жүктей отырып, нашақорлықтың бастапқы профилактикасын күшейту шараларын қарастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ есірткіге тәуелді адамдардың медициналық есебін оған мынадай сандық көрсеткіштерді енгізе отырып оңтайландыру қажет:

  • есірткіні эпизодттық пайдалану (жыл бойы детоксикация орталықтарына екі рет орналастыру);
  • психобелсенді заттармен улануға байланысты басқа медициналық мекемелерге, оның ішінде жеке клиникаларға емдеуге жатқызу;
  • ауруханаға жатқызылмай, есірткінің артық дозалануы кезінде жедел медициналық көмек алу.

Сонымен қатар синтетикалық есірткілерді сот-сараптамалық зерттеу әдістемесін жетілдіре отырып, олардың жаңа түрлерін бақылауға енгізу рәсімін оңайлатуды көздейді.

«Есірткінің заңсыз айналымы кезінде провайдерлік, банктік және пошта қызметтерін пайдалануды шектеу тетігін жетілдіру. Олардың барлық пайдаланушыларын сәйкестендіруді заңнамалық тұрғыдан бекіткен жөн. Шекаралық өткізу пункттерін, кедендік тексеру және халықаралық пошта алмасу аймақтарын нығайту», — деді министр.

Интернет және телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар қабылданады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде қылмыстық схемаларды анықтау, оларды ұйымдастырушылар мен дроперларды (қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларына қатысатын адамдарды) жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты күшейту көзделеді.

«Осы мақсатта кешенді талдау негізінде киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың ведомстволық бағдарламасы әзірленетін болады. Мұндай қылмыстарды бейтараптандыру және профилактика жөніндегі ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шараларды көздеу жоспарлануда. Ауыспалы абоненттік нөмірлерден қоңырауларды бұғаттау тетіктерін әзірлеуге ерекше назар аударылатын болады»,— дедіі М. Ахметжанов.

Сонымен қатар уәкілетті органдармен бірлесіп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Бұл азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырады.

«Мемлекет басшысының қалған тапсырмаларын іске асыру бойынша Министрліктің, оның ішінде құрылатын жұмыс топтары шеңберінде белсенді қатысуы қамтамасыз етілетін болады. Барлық бағыттар бойынша нақты ұсыныстар дайындалады», — деп түйіндеді ішкі істер министрі.