Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты шараларды әзірледі, деп хабарлады ведомство басшысы өз баяндамасында.

«Бірінші. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қатысты Президент балабақшаларда жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын көбейтуді және жүктемелерін азайтуды тапсырды. Қазіргі уақытта балабақшаларда 1 педагогке 25 баладан келеді. Орташа жалақылары 147 мың теңгені құрайды. Бұл республика бойынша орташа жалақыдан төмен. 2-6 жастағы балаларды кезекте тұрған балалардан есептесек, қамту көрсеткіші 88%-ды, 3-6 жастағылардың 98%, ал жалпы балалардың санынан – 57,68% құрайды», — деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында.

Сондықтан Президент тапсырмасы аясында балабақша педагогтерін аттестаттаудың жаңа жүйесі еңгізіліп, жалақылары көбейтіледі. 

Екінші. Мемлекет басшысы «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы тапсырма берді. Ұлттық жоба шеңберінде 800 мыңнан астам оқушы орны ашылып, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы шешіледі. 

Министрдің айтуынша, «Қолайлы мектеп» жобасы аясында бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандарты қолданылады. 

Жоба шеңберінде ашылатын мектептер заманауи пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу алаңдары ұлғаяды. 

Бастауыш сыныптарға, жоғары сынып оқушылырына да жеке блоктар қарастырылады. Сәйкесінше олар бөлек спортзалдармен, бөлек асханаларымен қамтамасыз етіледі, деді министр Үкімет отырысында. 

«Келесі жылы бұрын болмаған көлемде мектептерді салу басталады. Мысалы, елордамызда келесі жылы қала әкімдігімен бірге осы жоба шеңберінде әрқайсысы 2 мыңға орынға арналған 20 жаңа мектептің  құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», — деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ведомство басшысының хабарлауынша, Президент тапсырмасына сәйкес әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыда тұратын балалар мектеп формасымен тегін қамтылатын болады. Бюджеттен балаларды оқытуға бөлінетін қаражатты қамтитын білім беру шоты енгізіледі.

«Үшінші. Президент жаратылыстану-математика цикліндегі және тілдік пәндерге басымдық беру туралы тапсырма берді. Математика, физика, химия, биология пәндерін оқыту сағаттары бағдарламада ұлғаяды. Оқу бағдарламалары жаңартылады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес 2024 жылдан бастап 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын көбейту, қазақ және орыс тілдерін меңгеруге қажетті оқу жүктемесі қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдаймыз», — деді А. Аймағамбетов өз баяндамасында.

Төртінші. Оқу-ағарту министрі еңбек нарығының талаптарына сәйкес кадрларды даярлауға тоқталды. 

Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында биыл колледждерге академиялық дербестік берілді. 4000 білім беру бағдарламасы жаңартылды.

«Мемлекеттік тапсырыс өңірдегі нақты қажеттілікті ескеріп, құрылатын болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізуді қолға алдық», — деді оқу-ағарту министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарының аккредитация стандарты және «Педагогтардың құзыреттілік шеңбері» – «Педагог» кәсіби стандарты жылдың сонына дейін дайындалып, тәжірибеге еңгізіледі.