Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау үшін министрлік келесі жұмыстарды жүргізетін болады.

Минералдық ресурстардың Ұлттық деректер банкін құруды аяқтауға қатысты Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, «Kaznedra» жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру аясында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Платформа барлау және өндіру жұмыстарын жүзеге асыру үшін лицензия алу бойынша бизнес процестерді жеңілдетуге және жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл жобада қазіргі заманға сай геоақпараттық жүйелер технологиялары пайдаланылады, олар потенциалды жер қойнауын пайдаланушыларға сұратылып отырған учаске туралы инфрақұрылымынан бастап, геологиялық, геофизикалық есептерге дейін толық көрініс алуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Осы жылдың соңына дейін платформаны енгізудің пилоттық жобасын жүргізу жоспарланып отыр. Тестілік режимде платформаның деректер базасының құрылымы, интерактивті карта, қатты пайдалы қазбалар барлауға лицензия алу жөніндегі бизнес-процесс тәрізді және басқа да құрылымдары жұмыс істейтін болады. 

«Біз су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлейміз, оған институционалдық сипаттағы да, сондай-ақ практикалық қолдану мәселелері де енгізілетін болады», — деді С. Брекешев.

Біріншіден, су ресурстарын басқарудың қолданыстағы институционалдық жүйесі басқарудың барлық функционалдық кешенін, атап айтқанда, талдауды, жоспарлауды, бақылауды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты келесі жылдың соңына дейін су саласын басқарудың мемлекеттік жүйесінде Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын нығайтуды және жаңа Су кодексін әзірлеуді көздейтін институционалдық өзгерістер жүргізу ұсынылады. 

«Біз жаңа Су кодексін жасау жұмыстарын бастап кеттік», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Екіншіден, ғылыми-зерттеу, талдау және жобалау жұмыстарына негізделген су саласының қазіргі жай-күйін кешенді жүйелі бағалау мақсатында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын, оның жанынан су саласын салалық талдау орталығын аша отырып, трансформациялау жүргізілетін болады.

Сондай-ақ білікті кадрларды даярлау үшін гранттар бөле отырып, базалық профильді жоғары оқу орнын айқындау пысықталып жатыр. Ол М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында болуы мүмкін.

Үшіншіден, Су ресурстарын тиімді пайдалану және шығынды қысқарту үшін 2023-2025 жылдарда неғұрлым стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы жобаларын іске асыру ұсынылады. Атап айтқанда, бұл жаңа 8 су қоймасын салу, 16 апатты гидротехникалық құрылыстарын және 120 суару каналын реконструкциялау, суды бөлу және есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру.

Сондай-ақ суды үнемдеу үшін басты назар су үнемдеу технологияларын қолдануға және су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыратын тарифтерді белгілеу қажеттілігіне қойылатын болады. Тариф су пайдаланушыға судың экономикалық жағынан құнды екендігі және оны ұтымды пайдалану қажеттілігі туралы дабыл қағуы тиіс. 2025 жылға қарай аталған шаралар қосымша 7 текше км сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіледі.

«Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін заңсыз әкелінген автокөліктерді кәдеге жарату мәселесіне келетін болсақ, біз Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, тиісті жұмысты бастадық», — деді Серікқали Брекешев.