Кездесу барысында тараптар көлік-логистикалық кешені мен өнеркәсіп және пайдалы қазбаларды бірлесіп игеру салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.

Бүгінгі таңда Германия Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесінің бірі. Сондай-ақ аталған ел инвестиция көлемі бойынша да көш бастап келеді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттер арасындағы тауар айнылымы 1,6 пайызға артып, 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанда германиялық капиталдың қатысуымен мыңнан астам заңды тұлға қызмет атқарады.

Қазір көлік-логистикалық саласында да ынтымақтастық нығайып келеді. Атап айтқанда, биылғы алғашқы алты айда Германияның Қазақстан аумағы арқылы тасымалданған транзиттік жүк көлемі 47 пайызға артып, 2,3 млн тоннаны құрады. Басқосуда ҚР ИИДМ басшысы қазақстандық тарап елдер арасындағы автомобиль көлігі арқылы тауар айналымын арттыруға негізделген өзара әріптестікті одан әрмен дамытуға ниетті екендігін жеткізді.

Бұдан бөлек, бүгінде азаматтық авиация саласында да бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Қос мемлекет арасындағы жолаушылар тасымалын «AirAstana» және «Lufthansa» әуе компаниялары жүзеге асыруда. Авиакомпаниялар аптасына 15 рет тұрақты тасымалдау орындайды.

Германия – әлемдегі көлік құрастыру саласындағы жетекші мемлекеттің бірі. Кездесу барысында ведомство басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы тарапта кооперациялық байланыстарды арттыруға ынталы екендігін жеткізді.

 «Қазақстан-Германия кооперациясы аясында өнеркәсіп саласында жалпы сомасы 719,4 млн долларды құрайтын 14 жоба табысты іске асып, 2,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болды. Жүзеге асырылған жобаның бірі ретінде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын «CLAAS» компаниясымен бірлесіп орындаған жобаны айтар едім. Бүгінде кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істейді. Биылдың өзінде зауыт 80-ге жуық трактор шығарды. Қазақстандық нарыққа «CLASS» сынды беделді компанияның келуі осы саланың дамуына өзіндік серпін бергенін атап өткім келеді. Алдағы уақытта да бұл тараптағы ынтымақтастықты арттыра береміз деген сенімдемін», – деп атап өтті министр.