Съезд шеңберінде әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және т.б. қатысады деп күтілуде.

Бұл туралы Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың БАҚ өкілдеріне өткізген брифингіде мәлім болды.  

Осы Съездің тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы рөлі» ретінде белгіленді. Оның аясында діндердің рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы, білім беру мен дінтанудың діндердің бейбіт өмір сүруіне ықпал етудегі, әсіресе діни негіздегі экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылдағы рөлі және әйелдердің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі туралы мәселелерді қамтитын төрт секциялық отырыс ұйымдастырылады.

Алдағы діни форумның ерекшелігі Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері болады.

Биылғы жылы Съезге қатысушылардың барынша жайлы болуы үшін өтетін орны Тәуелсіздік сарайы белгіленді. Сарайдың орналасу орны қазақстандық, сондай-ақ шетелдік БАҚ үшін кең баспасөз орталығын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аталған іс-шараға 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі аккредиттелді. Сонымен қатар, VII Съезге, сондай-ақ Рим Папасының сапарына шетелдік журналистерді аккредиттеудің жабылғаны туралы хабарлаймыз.