Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының атынан Қарусыздану істері жөніндегі Жоғары өкіл Изуми Накамицу сөз сөйледі.

Арнайы қонақ ретінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Нью-Йорктегі БҰҰ бөлімшесінің басшысы Вивиан Океке және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

БҰҰ, ЯСЖТШҰ және АЭХА басшылығы, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінің тарихи маңыздылығын атап өтті. Еліміздің үлгісін ядролық қаруды сынауды тоқтатқан басқа елдер де ұстанды, бұл кейіннен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қабылдауға негіз болды.

И. Накамицу Қазақстан мен басқа да мемлекеттердің ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Р. Флойд елімізге ЯСЖТШҰ қызметіне дәйекті қолдау көрсеткені және ядролық қару сынақтарының апатты зардаптарына назар аудару бойынша белсенді күш-жігері үшін алғыс білдірді.

АЭХА өкілі В. Оке ядролық қаруды таратпау режимін нығайту үшін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінің ерекше маңыздылығына назар аударып, Агенттіктің Төмен байытылған уран банкін орналастыру бастамасын қолдағаны үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс білдірді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына басқа қатысушылар, олардың ішінде Латын Америка мен Кариб бассейні мемлекеттерінің, Африканың, Бразилияның, Мажарстанның, Иранның, Кирибатидің тұрақты өкілдері 1991 жылғы Семей сынақ полигонын жабу туралы шешімнің тарихи маңыздылығын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне ену қажеттілігін атап өтті.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов ядролық қаруды қолданудың қайтымсыз және зиянды салдарын атап өтіп, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді қарудың бұл түрінен бас тарту үшін диалог пен нақты әрекеттерге шақырды. Практикалық шара ретінде М. Ілиясов ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне, ядролық қарудан азат аймақтардың географиясын кеңейтуге, Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылуға көмек көрсетуді ұсынды.

Іс-шара аясында Нью-Йорк қаласындағы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде ядролық қарусыздану саласындағы белгілі сарапшы, SUNY-Olbany саяси зерттеулер орталығының Вашингтон қ. аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенованың «Атом даласы: Қазақстан бомбадан қалай бас тартты» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Кітап Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тыйым салу тарихына және Қазақстанның КСРО ыдырағаннан кейін елде қалған ядролық қару арсеналынан бас тарту үдерісіне арналған. Автордың айтуынша, кітапты алдағы уақытта қазақ тілінде шығару жоспарлануда.