Мемлекет басшысы әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларының басын қосып, диалог орнату Қазақстан үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне ислам университеті «Әл-Азһар» бас имамы Шейх Ахмад ат-қа, Тайеб, Орыс Православие Шіркеуінің өкілдері, Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің Бас Сефард раввині Ицхак Джозеф, барлық форум қатысушыларына құрмет білдірді.

“Көне Әл-Азһар ислам университетінің Бас имамы, жоғары мәртебелі доктор, Шейх Ахмад ат-Тайебтің елімізге арнайы келгеніне қуаныштымын. Қазақстан халқы өзіңізді қазіргі мұсылман әлемінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтады. Сіз дін жолында адал қызмет атқарып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз”, – деп атап өтті Қ.Тоқаев. 

“Қонақжай Қазақ жеріне қош келдіңіздер! Әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру – біз үшін зор мәртебе.   Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискіге ілтипатымды білдіремін.  Сіз  діндер және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қостыңыз”, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы байырғы жеріміз мыңдаған жылдар бойы Батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір болғанын атап өтті.

“Қазақстан халқы әртүрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, толеранттылық пен ашықтық рухын бойына сіңірді. Сондықтан «әртүрліліктегі бірлік» қағидасы біз үшін іргелі.

Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, 18 конфессияның өкілі болып табылатын 4000-ға жуық діни бірлестіктер еркін жұмыс істейді”, – деп аатп өтті Президент.

Сонымен қатар, ол бұған дейінгі барлық форумдарда қабылданған декларацияларда, қандай идеямен қамтылса да, радикализмді, зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды айнытпай айыптайтынын атап өтті.

“Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналуы айрықша маңызды. Олар кез-келген мәселе бойынша ортақ пайымға келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл адамзатқа паш етуде.  Меніңше, Съездің ең басты
миссиясы да, ерекшілігі де – осы”, деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.