«Компания басшысының Петропавлға келуi — жобаға үлкен көңiл бөлiп отырғандығын көрсетiп отыр. CLAAS басшылығымен келiссөздер 2017 жылы басталды. Жобаны жүзеге асыруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға 2019 жылы баруы және Катрина Клааспен кездесуi маңызды серпiн бердi», — деп жазды СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiдегi парақшасында.
CLAAS — ауылшаруашылық техникасының әлемдегi үздiк өндiрушiсi. Елiмiздiң диқандары техниканың сапасын жоғары бағалады. Ең жарқын мысал ретiнде «Асхат Агро» ЖШС алқабында 30 жыл бойы егiн орып жүрген CLAAS Dominator комбайнын айтуға болады. 1992 жылдан берi комбайн 12 мың сағат жұмыс iстеп, әлi де қызмет етiп келедi.
«Бiздiң мiндетiмiз — ауылшаруашылық тауар өндiрушiлерiн сапалы және жоғары өнiмдi, әрi бағасы нарықтан төмен техникамен қамтамасыз ету. Бұл диқандарға егiндi оңтайлы уақытта егiп, жинап алуы үшiн керек. Техниканы жаңартпай ауыл шаруашылығын дамыту мүмкiн емес. Мен ауыл шаруашылығы инженерi ретiнде мұны жақсы бiлемiн», -дедi өңiр басшысы.
Бүгiнде немiс компаниясының комбайндары мен тракторлары үлкен сұранысқа ие. Техниканың бағасы 27% дейiн төмендетiлдi. Кәсiпорын өткен жылы 92 бiрлiк техника құрастырса, биыл 300-ден асты. Келесi жылға жоспар — 500 бiрлiк техника.