Құрметті Президент Тоқаев мырза!

Құрметті достар!

Бүгін мені «Алтын Қыран» орденімен наградтадыңыз. Бұл маған ғана көрсетілген ерекше құрмет емес, сондай-ақ Сіздің еліңіздің қазақ-қытай қатынастарын дамытуға зор мән беретінін және қазақ халқының қытай халқына деген достық  сезімін көрсетеді.    

Президент Тоқаев мырза, Сізге және достас қазақ халқына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды. Содан бері қазақ-қытай ынтымақтастығының жоғары даму деңгейі берік сақталып келеді.

Біздің елдеріміз арасындағы саяси өзара серіктестік нығайып келеді. Әртүрлі саладағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Халықаралық қатынастарда тығыз байланыс орнады. Мұның бәрі елдеріміздің дамуы мен өркендеуіне берік тірек болды. Аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға тың серпін берді.

Осы сапар барысында Президент Тоқаев екеуіміз Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының мәртебесін көтеруге келістік. Болашаққа көз жүгірте отырып, біз мәңгілік достыққа, өзара тиімділікке және өркендеуге бағытталған байланыстарымыздың жарқын болашағына сеніммен қараймыз.

Мен халықтарымыздың достығын танытатын бұл орденді өте жоғары бағалаймын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың нығайып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін қыран құстай алысқа самғайтынына сенімдімін!